14 мам, 2020 сағат 10:39

Қызылордада асханада жұмыс істейтін адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Қызылорда облысында «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық дәлізі бойына орналасқан көпшілік асханасында жұмыс атқарған адамға коронавирус инфекциясы диагнозы қойылды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазір Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 231 адам бар. Олардың арасынан 181 адам сауығып шықты.

«Жаңадан анықталған 1 жағдай Жаңақорған ауданында тіркелді. Ол - бұған дейін провизорлық карантинде болған азамат. Негізгі жұмыс орыны «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық дәлізі бойына орналасқан көпшілік асханасында жұмыс жасаған», – деді Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов.

Сондай-ақ, коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен байланыста болған– 3270 азамат анықталды. Оның ішінде, 1798-і жақын қарым-қатынаста, 1472-сі жанама байланыста болған.

«Соңғы 19 күннің статистикасына қарағанда, вирустың жұғу мүмкіндігі қарым-қатынас арқылы болып отыр. Вирус ауа тамшылары арқылы жұғатын болғандықтан, ол көбіне сулы ауада көп сақталады. Сондықтан оқшаулану, шектеу шараларына мұқият болуға және бетперде киюді жалғастыра беруге шақырамыз», - деді басқарма басшысы.