23 жел, 2022 сағат 08:45

Қызылордада аққуды өлтірген адам анықталды


Қызылорда облысында аққуды аяусыз өлтірген ер адам ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ішкі істер министрлігінің Telegram-арнасына сілтеме жасап.

"Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазба бойынша Қызылорда облысының Полиция департаментімен жедел түрде тексеру жұмыстары жүргізілді. Оқиға осы күнге дейін Полиция департаменті бойынша тіркелмеген", - деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, 22 желтоқсанда жарияланған бейнежазба Қызылорда облысы, Сырдария ауданы Полиция бөлімімен «Ақпаратты есепке алу кітабына» жақында тіркелген. Нәтижесінде, бейнежазба бойынша 26 жастағы облыс тұрғыны анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. 

Тексеру барысында, аталған оқиғаның 2013 жылы балық аулау кезінде күріштіктің каналының жағасында орын алып, бейнежазбаға түсірілгендігі анықталды.

"Тексеру нәтижесі бойынша жеткізілген адамның әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті шешім шығарылады", - деп қосты полицейлер.

Еске салайық, әлеуметтік желіде Қызылорда облысының тұрғыны аққуды өлтіріп, жасаған әрекетіне мақтанған видеосы тараған болатын.

Видеода оның кешке "аққудан қуырдақ" жейміз деп айтқанын да байқауға болады.