Қызылорда облысында карантин режимі 1 мамырға дейін ұзартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ертеңнен бастап Қызылорда облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің № 10 қаулысы күшіне енеді. Соған сай, Қызылорда қаласы, аудан, елді мекендер арасы квартал немесе секторларға бөлініп, блокпосттар орнатылады.
«Сәйкесінше карантиндік аймақта жүріп-тұруға тыйым салынады. Көтерме сауда орындарына «азық-түлік дүкендеріне дейін жеткізу» қағидаты бойынша сағат 10.00-18.00 сағатқа дейін күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режиммен жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады. Жергілікті атқарушы органмен айқындалған көлік құралдарын қоспағанда жеке көліктің қозғалысына тыйым салынады», - деп мәлім етті Қызылорда облысының әкімдігі.
Тұрғындарға медициналық бетперде киіп жүру міндеттеледі.
Бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысында 143 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Оның 21-і қауіпті індеттен толық хазылып шықты.