06 қыр, 2021 сағат 23:18

Қыз мектепке баса-көктеп кіріп, мұғалімдерді арбалетпен атты



Украинаның Полтава қаласында 19 жастағы қыз мектепке баса-көктеп кіріп, мұғалімдерге арбалетпен оқ жаудырған, деп хабарлады Sputnik Қазақстан Украина.ру порталына сілтеме жасап.


Ресми мәліметке сәйкес, бұл оқиға бүгін сағат 11:00-де №11 орта мектепте болған. Екі педагог жарақат алды. Қайтыс болғандар жоқ. Арбалет асынып келген қыз ұсталды.


Қыз шашын жасыл түске бояп тастаған. Ал екі қолы кесілген. Полицейлер оның осы мектепте төртінші сыныпқа дейін оқығанын анықтады. Оқушы қыздың он жылдан кейін бұндай әрекетке не себепті барғаны әзірше белгісіз.


Қазіргі кезде адам өлтіруге оқталу әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Еске сала кетейік, осыған ұқсас оқиға осы жылдың 11 мамырында Ресейдің Қазан қаласында болған еді. 19 жастағы Ильназ Галявиев өзі бітірген №175 гимназияда жарылыс жасап, оқ жаудырды. Жеті оқушы мен екі мұғалім көз жұмды. Тағы 24 адам жарақат алды.