09 шіл, 2021 сағат 10:58

Қытайдың оңтүстік-батысында «дельта» штамының таралуына байланысты локдаун енгізілді


Қытай-Мьянма шекарасына жақын орналасқан Жуйли қаласының билігі коронавирустың «дельта» штамы таралуына байланысты локдаун жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жуйли қаласының (Юньнань провинциясы, Оңтүстік-Батыс Қытай) әкімшілігі осы аптада қалаға кіріп-шығатын барлық жолды жауып, үйде оқшаулану режимін енгізді. 

Қатаң карантин шаралары енгізілді, коммерциялық кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер, мектептер мен техникумдар жабылды. Супермаркеттер мен дәріханалардың жұмысы тоқтатылды. Жергілікті тұрғындарға үйде оқшаулануға шешім қабылданды, азық-түліктер үйге жеткізілетін болады. 

Жуйли қаласында және оның маңындағы елдімекендерде коронавирус жұқтыру жағдайларының көпшілігі «сырттан әкелінген». Жуйлиде Мьянмамен трансшекаралық сауда жүргізіледі. Осыған байланысты билік шекаралық бақылау шараларын күшейтті. 

Мьянмамен шекаралас Қытайдың Жуйли қаласында коронавирустың өршуі осымен төртінші рет болып отыр, соңғысы осы жылдың наурыз айында болған еді. Үшінші рет Жуйли қаласында коронавирустың таралуына байланысты толық локдаун енгізілді. 

Жұма күні Қытайдың Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің хабарлауынша, өткен тәулікте материктік Қытайда коронавирусты жергілікті жұқтырудың 8 жаңа жағдайы анықталды, барлығы Юньнань провинциясынан.