16 шіл, 2021 сағат 11:27

Қытайда ата-анасы вакцина алмаған оқушылар мектепке бара алмауы мүмкін


Қытайда ата-анасы коронавирусқа қарсы вакцина алмаған оқушыларға мектепке баруға тыйым салынуы мүмкін. Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанси-Чжуан автономия ауданының (ГЧАА) бірқатар елді мекенінде жаңа оқу жылы қарсаңында осындай шаралар қабылданбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚХР ГЧАА Гуйпин және Пинлю қалаларының әкімшілігі орта және жоғары мектеп оқушыларының ата-аналарына коронавирусқа қарсы екпені мүмкіндігінше тезірек алу талабы қойылған хабарламаны жария етті. 

Кімнің ата-анасы вакцина салдырмаса, ол оқушыларға жаңа оқу жылында мектепке баруға рұқсат етілмейді. 

Осыған ұқсас талаптар жаңа оқу жылы қарсаңында Хэнань және Шэньси провинциясының бірнеше елді мекенінде де жарияланды.

Бұған дейін ҚХР Денсаулық сақтау ісі жөніндегі мемлекеттік комитет хабарлағандай, өткен сейсенбі күні құрлықтық Қытайда жаңа коронвирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1,4 млрд дозасы салынған. 

Өткен тәулікте Қытайда COVID-19 жұқтырудың 36 расталған жаңа жағдайы тіркелді, оның барлығы шетелден «әкелінген».

Соңғы ресми мәліметтерге сәйкес, құрлықтық Қытайда коронавируспен ауырған науқастардың 94,38% жазылған. 

2019 жылдың желтоқсан айынан бастап елде коронавирусқа шалдыққандардың саны 92 мыңнан асты. 

Өлім көрсеткіші – 5,32% (коронавирустан 4636 көз жұмған).