10 қыр, 2020 сағат 09:06

Қытайда алғаш рет мұрынға шашатын спрей түріндегі тұмауға қарсы вакцина жасалды

Қытайдың Шаньдун провинциясында жергілікті тұрғындарға алғаш рет мұрынға шашатын спрей түріндегі тұмауға қарсы вакцина қолданыла бастады, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.

Тұмауға қарсы вакцинаның бұл жаңа түрі 3 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға жасалады. Мұрынға шашылатын мұндай вакцинация жылына бір рет жүргізіледі. Мұрынға 0,1 мл спрей шашылады, 3 күннен кейін адам ағзасында антиденелер пайда болады. 

Қытайлық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл өнім Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) тұмауға қарсы вакциналарының ғаламдық жоспарына (GAP) енгізілген. 2011 жылы ДДСҰ-ның мақұлдауымен тұмауға қарсы мұрынға шашылатын спрей технологиясы Қытайға берілген болатын.

Қазір Қытайда тұмауға қарсы вакцинация кең көлемде жүргізіліп жатыр және бүкілхалықтық вакцинация қазан айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.