Қытай коронавирустың жаңа штаммының анықталуына байланысты Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатты. Бейсенбі күні ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэньбинь осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жақында Ұлыбритания коронавирустың жаңа штаммы анықталғанын жариялады және бұл жайлы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына хабарлады. Өзге де көптеген елдер Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтату, шекараны жабу бойынша шаралар қабылдағанын мәлімдеді», - деді дипломат.
«Вирустың мутациясы мен оның ықтимал әсерін ескере отырып, адам денсаулығын сақтау мақсатында, сондай-ақ басқа мемлекеттердің тәжірибесін ескере отырып, Қытай Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатады», - деп атап өтті ол.
Бұған дейін кейбір қытайлық әуе компаниялар Қытай мен Ұлыбритания арасындағы рейстерді тоқтатқан болатын. Соның ішінде ең ірі China Southern Airlines те бар.
Ұлыбританиядағы ҚХР Елшілігі Лондон мен Манчестердегі визалық орталықтарын жауып тастады.
Өткен дүйсенбіде Гонконг пен Ұлыбритания арасындағы әуе қатынасы да тоқтатылған еді. Гонконгтың денсаулық сақтау органдары осы аптада Ұлыбританиядан оралған екі студенттің Ұлыбританияда табылған коронавирустың жаңа штаммымен ауырғанын анықтады.