Фото: marionbrun/Pixabay
Адам жүрегінің тіндерінен әдетте тағам қаптамалары мен бояуларда кездесетін микропластиктер табылды. Жүрек-қан тамырларына ота жасалған 15 науқастың жүрек тінін тексерген Бейжіңдегі Аньчжэнь ауруханасының ғалымдар тобы алаңдатарлық тұжырым жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі New York Post-қа сілтеме жасап.
Микропластик - 5 миллиметрге жетпейтін немесе қарындашқа арналған өшіргіштің өлшеміне жуық пластик бөлшегі. Ол адам ағзасына ауыз, мұрын және басқа дене қуыстары арқылы ене алады.
Дәрігерлер Кун Хуа мен Сюбин Ян және олардың командасы бұл бөлшектердің адамның жүрек-қан тамырлары жүйесіне жанама және тікелей әсер ету арқылы қалай енетінін білгісі келген.
Дәрігерлер пациенттердің жүрек тіндерін, сондай-ақ жартысынан қан үлгілерін жинап, талдады.
Олар тін үлгілерінің көпшілігінен оннан мыңға дейінгі микропластикалық бөлшектерді тапты. Барлық қан үлгілерінен микропластикалық бөлшектер анықталған.
Пластиктің тоғыз түрі жүрек тінінің бес түрінен анықталды. Зерттеу сонымен қатар кейбір микропластикалық бөлшектердің хирургиялық араласу кезінде дене қуысына енгенін дәлелдеді.
Жүректің үш түрлі бөлігінде кездесетін микропластиктерге полиметилметакрилат кірді. Бұл әдетте шынының орнына соққыға төзімді балама ретінде қолданылатын пластик.
Сондай-ақ киім-кешек пен азық-түлік ыдыстарына қолданылатын полиэтилентерефталат пен терезе жақтауларын, су төгетін құбырларды, бояуларды және т.б. жасауда кеңінен қолданылатын поливинилхлорид (ПВХ) табылды.
«Тірі организмнен микропластик табылуы алаңдатарлық жағдай. Оның жүрек тініне қалай енетінін, сондай-ақ оның ұзақ мерзімді перспективада жүрекке операциядан кейінгі ықтимал әсерін зерттеу үшін қосымша зерттеулер қажет», - деп қорытындылады зерттеу тобы.
Өткен жылғы зерттеу нәтижесінде адам апта сайын шамамен 5 грамм ұсақ пластикалық бөлшектерді тұтынатыны дәлелденген. Ал бұл несие картасының салмағына тең.
Вена медициналық университетінің ғалымдары пластикалық бөлшектер адамның тамақтану тізбегіне орау қалдықтарынан еніп, денеге теңіз тұзы, теңіз өнімдері, тіпті ауыз су арқылы енетінін анықтаған.
Микропластиктен туындаған асқазан-ішек жолындағы өзгерістер семіздік, қант диабеті және бауырдың созылмалы аурулары сияқты метаболикалық аурулармен байланысты.