03 сәу, 2019 сағат 14:38

Қытай елшісі Шыңжаң "лагерьлері" мен ондағы "тәрбиеленушілердің" жай-күйін айтты

Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо Шыңжаңдағы білім беру және дайындық орталықтарындағы шынайы жағдайды айтып, қазақстандық журналистерге сұқбат берді, деп хабарлайды Sputnik агенттігі.

Журналистер елшіден Шыңжаңдағы "лагерьлерге" қатысты ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрады. Кейбір батыс бұқаралық ақпарат құралдары мұндай орталықтардан босатылған адамдармен сұқбаттасып, оларға зорлық-зомбылық жасалды деген ақпарат таратқан болатын.

"Мен барлық жауапкершілікті мойныма ала отырып, бұл толықтай өтірік екенін айта аламын. Шынжаңда "концентрациялық лагерь" немесе "ГУЛаг" сияқты лагерьлер мүлдем жоқ. Тек "кәсіптік білім беру және дайындық орталықтары" бар. Қытай тарапы бұл орталықтар жайлы бірнеше рет егжей-тегжейлі мәлімет берген. Кейбір БАҚ бұл орталықтардың дұрыс атауын білмей немесе әдейі түсінбегенсіп, жедел түрде "ақиқат" жаңалық таратып жатыр", - деді елші.

Чжан Сяо мұндай жағдайы Шыңжаңды қаралау, Қытай үкіметіне жала жабу, ұлтаралық алауыздық пен діни қарама-қайшылықтарды тудыру, Қытай халқының терроризмді тұрақтандыру жөніндегі күш-жігерін жою ниеті деп бағалайды. 

"90-шы жылдардан бері "үш зұлым күш" (ұлттық сепаратизм, діни экстремизм және зорлық-зомбылық лаңкестігі) салдарынан бірқатар жантүршігерлік лаңкестік шабуыл болды. 2009 жылы "7,5" қақтығысы жасалып, Шынжаңға кесірі тиді",- деді елші.

Сұқбат барысында Чжан Сяо экстремистік ойы бар адамдар санасын тез арада қалпына келтіріп, қоғамға қайта оралуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, орталықтар осындай мақсатпен құрылып отыр.  

"Қытай тарапы "Конституцияға", "Терроризмге қарсы күрес туралы заңға", "Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағындағы дерадикализация актісіне" және әлемнің басқа елдерінің терроризмге қарсы нәтижелі тәжірибелеріне сүйене отырып, "білім беру және дайындық орталықтарын" құрды", -деп жауап берді Қытай елшісі.

Чжан Сяоның сөзінше, "білім беру және дайындық орталықтары" бір ғана этникалық топқа немесе дінге емес, барлығына бірдей қатысты. Орталыққа қабылдаудың екі негізгі критерийі бар: біріншіден, "үш зұлым күшке" қатысса, екіншіден, ол қоғам үшін зиянды болса.

"Мысалы, кейбір адамдар WhatsApp желілерде "джихад" таратып, қаскөйлік аудио-бейнежазбаларды пайдаланады, алайда олардың сюжеті болымсыз, қылмыстық болып есептелмесе, білім беру және дайындық орталықтарына жібереді. Кейбір адамдар лаңкестік әрекеттерге қатысқаны үшін сотталып, түрмеге жабылған. Түрмеден босатылғаннан кейін, олар әлі күнге дейін экстремистік ойлардан бас тартпай, қоғамға қарсы әрекет жасаса - білім беру және дайындық орталықтарына оқуды жалғастыруға баруы керек", - дейді елші. 

Айтуынша, егер заңға қайшы әрекет жасаса, қандай да бір ұлтқа, дінге қарамастан, дайындық орталықтарына баруға мәжбүр болады.

Чжан Сяо  мұндай орталықтарда заң мен қытай тілі оқытылып, кәсіби біліктілікті арттыруға ден қойылады деп отыр.

"Оқу орталығы түрме емес, бүкіл қоғам үшін мектеп. Мектептің бір ғана мақсаты бар – адамдарға жақсы тәрбие беру. Ол орталықтарда не үйретеді? Біріншіден, қытай тілі үйретіледі. Екіншіден, заңдарды үйренеді. Үшінші, кәсіби біліктілік, мысалы, кондитерлік өнімді әзірлеу, тоқыма бұйымдарын айшықтау және бояу, аяқ киім жөндеу, косметология және шаштараз, электрондық коммерция және т.б", - деді елші.  

Ол орталықтарда адамдардың наным-сенімі мен салт-дәстүрін ұстануға тыйым салынады деген ақпаратты да жоққа шығарып отыр.

"Білім беру және оқыту орталығында азаптау жоқ, тек адам құқықтарын құрметтеу және қорғау бар. Кейбір жалған ақпаратқа қарамастан, оқыту орталығы білім алушылардың діни нанымы мен салт-дәстүріне құрметпен қарайды. Оқушыларға таңдау жасау үшін түрлі тағамдар ұсынады. Халал тағамдар да бар. Сондай-ақ түрлі мәдени және сауықтыру шаралары жиі ұйымдастырылады",- деді елші.

Бұдан бөлек, Чжан Сяо мұндай лагерлерден азат етілгендердің шу көтеруі қолдан жасалған "сценарий" дегенді алған тартқан.

"Менің білуімше, азат етілгендер шу көтеріп, "азаптау" лагерьлеріндегі зұлымдықты тоқтату керек, қытайлықтар ұсынған "Бір белдеу, бір жол" бастамасын тоқтатып, Қытай арманының жүзеге асуына жол бермеуіміз қажет. Экономикалық жағынан Қытайға қарсы тұруымыз керек" деседі. Енді ойланып көріңізші, "босатылған адам" осындай сөздер айта алады ма? Әлбетте, олар Қытайға қарсы күштердің қолында. "Сценарийге" сәйкес, бақытсыздардың рөлін сомдап шықты", - деді Чжан Сяо.

Елшінің пікірінше, мұндай адамдар Шыңжаңның әлеуметтік тұрақтылығын бұзып отыр.

"Олар Шыңжаңдағы қазақ азаматтарының жағдайына алаңдаушылық білдіріп, Қытай мен Қазақстан арасындағы өзара сенімге нұқсан келтіруді көздейді. Екі ел арасындағы достық пен Қытай-Қазақстан ынтымақтастығының дамуына жол бермеу үшін бар күштерін салып жатыр" ,- деді Чжан Сяо.

Елші сұқбат соңында қазақстандықтардың басым көпшілігі шындық пен жалғанды айыра білетінін айтып, өз сөзін түбінде ақиқат жеңеді деп түйіндеді.