16 қаз, 2021 сағат 11:45

Қытай екінші пилоттық кемесін ғарышқа ұшырды


Қытайдың Шэньчжоу-13» пилоттық кемесі «Тяньхэ» ғарыш стансасының модулімен түйісті. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Қытай Ұлттық ғарыш басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Шэньчжоу-13» кемесі Қытайдың солтүстігінде орналасқан «Цзюцюань» ғарыш айлағынан жергілікті уақытпен сағат 00:23-те ұшырылды. Кемені орбитаға шығару үшін «Чанчжэн-2-эф» зымыран тасығышы қолданылған.

Сенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 06:56-да бортында экипажы бар қытай ғарыш кемесі «Тяньхэ» ғарыш стансасының негізгі модулімен түйіскен.

Жақын арада үш тайконавт «Тяньхэ» стансасының негізгі модуліне өтіп, стансаға қызмет етуге қосылады.

Еске сала кетсек, бұл - Қытайдың пилоттық екінші ғарыш кемесі, ғарышкерлер орбитада алты ай болып, ашық ғарышқа екі-үш рет аттанады.

Қыркүйек айында орбитаға кезекті миссияның ғарыш стансасында ұзақ уақыт болуын қамтамасыз етуі үшін азық-түлік және арнайы жабдықтар тиелген жүк кемесі жіберілген.

Қыркүйекте «Шэньчжоу-12» пилоттық ғарыш миссиясы сәтті аяқталған болатын.

«Тяньхэ» ғарыш стансасы 2022 жылы жұмыс істей бастамақ.