ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов қыста алыс жолға шығатын жүргізушілер қандай құрал-жабдықтарды алып жүруі керектігін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қыстыгүні жылдамдық режимін сақтау керек. Өйткені тежегішті басқан кезде көлік сырғуы мүмкін. Жылдамдықты дұрыс таңдамай, одан соң кенет тежегіш басылса, көлік тізгінге көнбей, мұның соңы жол-көлік оқиғасына апарып соқтыруы ықтимал. Одан бөлек, оңға немесе солға қауіпсіз бұрылу үшін автокөліктер арасындағы қашықтықты және екіжақты аралықты сақтау керек», - деді ІІМ-нің баспасөз мәслихатында Серік Түсіпов.
Көлік қозғалысына әсер ететін тағы бір жағдай – жолдың «мұзды арыққа» айналып шыға келуі. Яғни, жол жиегін қар басып қалатындықтан, қозғалыс аумағы тарылады. Осының бәрі де жылдамдық режиміне әсер етеді.
«Көлік жүргізушісі жол апатына тап болмас үшін аталған ережелердің бәрін сақтауы керек. Қараша айы басталғалы елде 406 жол-көлік оқиғасы тіркелді, 95 адам көз жұмып, 472 адам әртүрлі дене жарақатын алды», - деді ол.
Серік Түсіпов алыс жолға шығатын жүргізушілерге қандай құралдарды алып жүруі керектігін ескертті. Атап айтқанда, мұндай жүргізушілер тіркейтін трос, күрек, сырғуға қарсы шынжыр (жүк көліктері мен автобустар үшін), жылы киім мен аяқ киім, жеткілікті деңгейде жанар-жағармай болғаны абзал.