09 қаз, 2020 сағат 15:07

Қырғызстанда жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар жазаланады - қауіпсіздік комитеті

Қырғызстанда жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырмақ болғандар кейін заң аясында жазаланады. Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті осылай мәлім етті, деп хабарлайды Кабар агенттігі.

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетіне келіп түскен жедел ақпаратта жекелеген күштер өзінің саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін елдің бейбіт азаматтарының денсаулығы мен өміріне қауіп төндіре отырып атыс қаруын пайдаланып ауқымды жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырмақ болғаны көрсетілген.

Осыған байланысты елдің ҰҚМК және ІІМ жеке құрамы күшейтілген қызмет түріне ауыстырылды, заңсыздықты тіркеу, алдын алу және жолын кесу, жаппай тәртіпсіздікті оқшаулау және олардың ұйымдастырушыларын ұстау мақсатында ведомствоаралық жедел штаб құрылды.

Қырғызстанның ҰҚМК елдегі қоғамдық-саяси жағдайды тез арада тұрақтандыруға мүдделі тараптарға жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға және республикадағы күрделі жағдайды тұрақсыздандыруға ниет білдірген адамдарды анықтауға бағытталған ұлттық қауіпсіздік органдары қабылдаған шараларды күшейту туралы жеткізу қажет деп санайды.

Қолда бар деректер қазіргі кезде әртүрлі митингілерді ұйымдастыру салдары ауыр жағдайға жеткізуі мүмкіндігін көрсетеді. Осындай әрекеттерге қолданыстағы заңнамада ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.