19 мау, 2021 сағат 13:20

Қырғызстанда коронавирус көрсеткіші былтырғы шілде деңгейіне жетті


19 маусымда таңертең Қырғызстанда коронавирусқа шалдыққан 870 адам тіркелді. Санаққа Covid диагнозы расталмаған пневмониямен ауырғандар да кіреді. Бұл жөнінде елдің денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі хабарлады.

Қырғызстанда мұндай көрсеткіш соңғы рет былтыр шілде айында тіркелген. Коронавирус індеті қатты өршіген бұл кезеңді жергілікті халық "қаралы шілде" деп атап кеткен. 2020 жылғы 25 шілдеде Қырғызстанда бір тәулікте коронавирус жұқтырған 877 адам тіркелген еді.

Елде бұл вирусты жұқтырғандардың жалпы саны 114 мың адамнан асты, 1 925 адам осы дерттен көз жұмды.

Маусымның басынан бері Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар қайта көбейді. Денсаулық министрлігі Covid-тің "үшінші толқыны" басталғанын хабарласа, Бішкек және Ош қалаларының басшылығы ойын-сауық және қоғамдық тамақтану орындарында қайта шектеу енгізді. Коронавирус індеті боойынша республикалық оперативті штаб індет өршіп тұрған Бішкек, Ош қалаларына, Шу және Ош облыстарына бармауға шақырды.