17 қаз, 2020 сағат 05:38

Қырғызстанда кейінгі үш күнде Covid жұқтырғандар күрт артты

Қырғызстанда өткен тәулікте 470 адамның Covid инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Елде коронавирус ауруына шалдыққандардың жалпы саны 51 490-ға жетті. Бұл туралы Қырғызстанның коронавируспен күрес жөніндегі республикалық штабы хабарлады.

Кейінгі аптада инфекция жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші 1,5 есе өскен. Өткен аптаның сенбісінде 307 науқас анықталған.

Кейінгі аптада коронавирус жұқтырғаны анықталған науқастар саны мынадай:

10 қазан – 307

11 қазан – 306

12 қазан – 298

13 қазан – 343

14 қазан – 330

15 қазан – 388

16 қазан – 431

17 қазан – 470

Коронавирустың өршуі 4 қазанда өткен Жогорку Кеңеш сайлауынан кейінгі толқумен тұспа-тұс келді. Келесі күні сайлау нәтижесі шығып, билікке жақын деген партиялар жеңімпаз атанғанда оппозициялық партиялар мен олардың жақтастары дауыс беру нәтижесі бұрмаланған деп наразылыққа шықты. 6 қазанға қараған түні демонстранттар президент пен парламент отыратын «Ақ үй» резиденциясын басып алып, түрмеде жатқан саясаткерлерді күшпен босатып алды. Толқудың соңы ел президенті Сооронбай Жээнбековтің отставкаға кетуіне әкелді. Елді басқару міндетін сайлаудан кейінгі толқу кезінде жақтастары түрмеден босатып алған Садыр Жапаров атқарып отыр. Мұның алдында ғана ел парламенті оны премьер-министр етіп сайлаған.

Толқу басталардың алдында 4 қазан күні елде 207 коронавирус науқасы анықталған. Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, елде барлығы 51 мың адамның Covid инфекциясын жұқтырғаны расталған. Қырғызстан 17 шілдеден бастап Covid пен ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы деректерін біріктіріп санап отыр.