Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасында 6 қарашада жергілікті уақытпен 13:38-де 6 балл магнитудасымен жер сілкінді, деп хабарлайды КАБАР агенттігі.
Қырғыз Республикасы ҰҒА Сейсмология институтының мәліметінше, зілзала ошағы Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасында, Пульгон ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 8 шақырым, Қадамжай қала типтес ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 10 шақырым, Ынтымақ ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 10 шақырым және Ош қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 95 шақырым жерде орналасқан.
Қырғызстанның елді мекендерінде зілзала күші мынадай болды:
Қадамжай, Пульгон, Ынтымақ ауылдарында – 6 балл шамасында,
Жиделік, Қотыр-Бұлақ, Алға, Шуран, Марказ, Қара-Дёбе, Үш-Қорған, Қызыл-Бұлақ, Котормо, Тамаша, Орозбеково, Қызыл Қия қаласында – 5 балл,
Караван, Найман, Бор-Баш, Кожо-Арық, Қызыл-Бұлақ, Беш-Буркан, Валакиш, Чаувай, Қара-Джигач, Майдан, Кароол, Қара-Шора, Гайрат, Кулду, Айдаркен, Жаңа-Қорған, Ормаш, Сур, Қызыл-Қорған, Отукчы, Сары-Өтек, Қара-Тұмсық, Жаңа-Жер, Қырғыз-Қыштақ – 4 балл,
Баткен қаласы, Базар-Башы, Бужум, Ноокат, Фрунзне, Джаны-Ноокат, Араван ауылдарында 4 балға жуық,
Ош қаласында – 3 балл.
Еске салайық, бүгін, сағат 13.38-де Қазақстанның сейсмикалық станциялары Алматы қаласынан 565 км жерде Қырғызстан аумағында болған жер сілкінісін тіркеді. Жерасты дүмпуі Шымкент қаласында 2-3 балл қуатымен сезілді.