16 қаз, 2020 сағат 07:12

Қырғызстан: Еуроодақ спикердің президент өкілетін премьер-министрге тапсырғанына алаңдайды

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Қырғызстандағы оқиғаларға байланысты мәлімдеме жасады. 

Еуроодақ парламент сайлауының нәтижесі жойылғаннан кейін президент Сооронбай Жээнбековтің отставкаға кетуін қаперге алды делінген Еуроодақтың Қырғызстандағы өкілдігінің ресми сайтында жарияланған мәліметте. 

"Президент өкілетін халықаралық міндеттемелерді, оның ішінде заң үстемдігі, адам құқығы мен негізгі еркіндікті сақтай отырып, Қырғызстан Конституциясының құқықтық аясында атқару өте маңызды. Осыған орай Жогорку Кеңеш спикерінің президент өкілетін премьер-министр Садыр Жапаровқа тапсыруы бірқатар сұрақ туындатып отыр, себебі Қырғыз Республикасы парламенттік демократия орнаған ел, онда өкілетті бөлу сақталуы тиіс" деді Боррель. 

Ол елдегі саяси күштерді азаматтық қоғаммен конструктивті, жан-жақты диалог орната отырып, жаңадан еркін әрі әділ парламент және президент сайлауын өткізу мәселесін талқылауға шақырды. 

Еуроодақ Орталық Азиядағы арнайы уәкілі мен Қырғызстандағы өкілдігі арқылы елдегі барлық саяси күштер мен халықаралық қауымдастықпен байланыста екенін атап өткен. 

15 қазанда президент Сооронбай Жээнбеков президент қызметінен кеткен. Отставкаға кету туралы мәлімдемесінде ол елде қоғамдық-саяси жағдай әлі ушығып тұр, агрессия басылған жоқ, ал отставкаға кету туралы талаптар тыйылған жоқ деп мәлімдеген. Ол Қырғызстан тарихында өз халқына оқ атқан президент ретінде қалғысы келмейтінін айтып, отставкаға кету туралы шешім қабылдаған.

Ал Бішкектегі "Ыстықкөл" қонақүйінің алдында митинг өткізіп тұрғандар талаптарын өзгертіп, Жогорку Кеңеш пен 13 қазанда спикер ретінде сайланған Канатбек Исаевтың отставкаға кетуін талап еткен.

Кейінірек үкімет үйінің алдында жақтастарының алдында сөйлеген Садыр Жапаров Жогорку Кеңеш спикерінің мемлекет басшысы міндетін атқарудан бас тартқанын, президент өкілеті өзіне өткенін мәлімдеген. 

Бішкекте 5 қазаннан бері наразылық акциясы тоқтаған жоқ. "Ақ үйді" басып алып, Садыр Жапаровты қамаудан шығарғаннан кейін жастастары оны премьер-министр ретінде тағайындауды талап еткен. 14 қазанда парламент Садыр Жапаров жетекшілігіндегі үкімет құрамын мақұлдап, кейінірек президент бекіткен. Бұдан соң Жээнбеков парламент сайлауы өткеннен кейін отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген. Алайда Жапаров жақтастары оның дереу отставкасын талап еткен еді.