07 қаз, 2020 сағат 12:01

Қырғызстан ауруханаларына митинг кезінде зардап шеккен 911 адам жүгінген

Қырғызстан елінің медициналық мекемелеріне митингтер кезінде зардап шеккен 911 адам жүгінген. Бұл туралы Қырғызстанның Кабар агенттігі хабарлады.

Ведомство мәліметтердің 7 қазан күнгі сағат 12:30-ға келтірілгенін атап өтті. 

Көмекке жүгінген 911 адамның ішінде зардап шеккен 705 адам алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң амбулаторлық ем қабылдауға жіберілді. Түрлі жарақаттар алып зардап шеккен 205 адам ауруханаға жатқызылды, соның ішінде бесеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Ұлттық госпитальда 2001 жылғы ер адам қайтыс болды. 

Осылайша, Бішкектегі травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығына барлығы зардап шеккен 452 адам келіп түскен, соның ішінде 82 адам ауруханаға жатқызылды, бір адам жансақтау бөлімінде жатыр. 

Ұлттық госпитальға 269 адам келіп түскен, соның ішінде 85 адам ауруханаға жатқызылды. 4 пациент жансақтау бөлімінде жатыр, бір адам қайтыс болды. 

1 қалалық клиникалық емханаға 58 адам келіп түсті, 48 адам амбулаторлық ем алуға жіберілді. 10 адам ауруханаға жатқызылды. 

Шу облыстық ауруханасына зардап шеккен 112 адам келіп түсті. 100 адам амбулаторлық ем қабылдауға жіберілді. 12 адам ауруханаға жатқызылды. 

Ұлттық хирургия орталығына зардап шеккен 20 адам жеткізілген, соның ішінде төртеуі амбулаторлық ем алуға жіберілді, 16 адам ауруханаға жатқызылды. 

Барлық пациенттерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Тиісті мамандардың кеңесі берілуде, зардап шеккендер барлық қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді.

Айта кетейік, жексенбі, 4 қазан күні Қырғызстанда Жогорку Кенешке депутаттарының сайлауы өтті. Депутаттық мандатқа 16 партия үміткерлік етті. Дауыс берудің алдын ала мәліметі бойыншы, 7% межені 4 партия еңсерді. Ал, 5 қазан күні сайлау нәтижесіне көңілі толмаған бір топ адам орталық алаңда митинг ұйымдастырып, оның соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты.