06 қаз, 2020 сағат 19:25

«Кыргызкөмүр» филиалын басып алғандар кассадағы ақшаны иеленіп кетті

Бүгін сағат 15:00-дер шамасында «Кыргызкөмүр» мемлекеттік кәсіпорнының Кара-Кече филиалын 100-ге жуық белгісіз адам басып алған. Бұл туралы Кабар агенттігі хабарлады. 

«Мәліметке сәйкес, көмір кеніне шабуылды қылмыс әлемінде «Саяқ» лақап аты бар М. Қадырқұлов ұйымдастырған. Олар көмір сатудан түскен 1,5 млн-ға жуық сомды (8,13 млн теңге шамасында) филиалдың касса қызметкерлерінен тартып алған. Сонымен қатар, филал директоры мен бас инженерге қызметінен бас тартуға арыз жазуға мәжбүрлеп, басшылықты ауыстыруды талап еткен. Кен аумағына рұқсат құжатынсыз, өнімді алуға ақша төлеместен көптеген машина кіріп-шыққан», - деп хабарлайды кәсіпорын. 

Мекеменің мәлімдеуінше, кәсіпорынды басып алу және өнімін талан-таражға салу елдегі жылу маусымына кері әсерін тигізеді. Қазіргі уақытта кәсіпорын басшысы Канатбек Ашырбаев елдің Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, жаңадан құрылған Қырғызстанның Үйлестіру кеңесіне шара қабылдау жөнінде арыз жолдады.