Тоталитарлық қоғамда қалам иелері ерекше зардап шегеді. Әсіресе, журналистика саласы қызметкерлерінің тағдыры қылыштың жүзінде, оттың ортасында, арыстанның аузында жүргендей әсер қалдырады. Шыға бастағанына биыл бір ғасыр толғалы отырған Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің тарихына үңілгенімізде осындай ойға әбден бекідік.
Әлбетте, ақиқаттың ақ жолы үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған баспасөз қайраткерлері дегенде тізімді ең алдымен Ғұмар Қараш (1875-1921 ж. ж.), Елеусін Бұйрин (1874-1933 ж. ж.), Ғабдолғазиз Мұсағалиевтерден (1888-1933 ж. ж.) бастаған жөн-ақ. Бұл арыстар «отыз жетінің» ойранына жетпей жатып өмірден өтіп кетті. Ғұмар Қараш қылышпен туралды, Елеусін Бұйрин жат жерде, Тәжікстанда аштан өлді, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің де өмірінің соңғы кезеңі бізге белгісіз, туған жерден алыста, Жетісуда жұмбақ жағдайдв көз жұмған. Бірақ ресми түрде «халық жауы» аталмаса да, бұл тұлғалар туралы совет үкіметі кезінде мүлдем айтуға тыйым салынды. Ғұмардың шығармалары «совет қоғамына жат» саналып, оқулықтардан аластатылды. Ендеше, бұл да репрессия емей немене?! Сондықтан газетіміздің советтік солақай саясат кезінде құрбан болған қызметкерлері қатарын бұл үш арыстан бастаймыз.
Бұдан кейін еңбегі көпшілікке көп насихатталмай жүрген Нұғман Манаевқа (суретте) (1894-1938 ж. ж.) тоқталайық.
Манаев Нұғман Сәрсенұлы 1894 жылы бұрынғы Астрахан губерниясы Бөкей уезі Жанбай ауылында туған. 1929-30 жылдары Қазақ АКСР-ы халық ағарту халық комиссары (білім министрі).
Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген. «Садақ» қолжазба журналын шығарушылардың бірі. 1915 жылы Уфадағы «Шарқ» баспасынан «Иман-Ислам» атты медресе оқулығын басып шығарған. 1917 жылы шілдеде Орда қаласында шыға бастаған «Ұран» газетінде редактордың орынбасары. Манаев Уфадағы «Шығыс баспасы» баспаханасында әріп теруші, корректор, «Орал» газетінде жауапты хатшы, «Қызыл ту» газетінде редактордың орынбасары (кей деректерде редактор) болған. 1938 жылы тұтқындалып, 8 наурыз күні атылған.
Халел Есенбаев Мұхаметжанұлы (1892-1938 ж. ж.) Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы аумағында, Ағашүй ауылында өмірге келген. Орынбордағы «Хұсайыния» медресесін бітірген.
Х. Есенбаев 1919 жылы Ордада «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы» газеттері мен «Мұғалім» журналының алқа мүшесі болған. 1919 жылғы 17 желтоқсанда Орынборда «Ұшқын» газетінің бірінші нөмірі Х. Есенбаевтың редакторлығымен жарыққа шықты.
Х. Есенбаев 1936 жылы Бүкілқазақстандық ІІ Кеңестер сиезінде ҚАССР Орталық Атқару комитетіне мүше болды. Ағарту комиссариаты басқармасын басқарды. 1938 жылы 3 наурызда «Халық жауы» деген жаламен атылған.
Батыс Алашорда қайраткері, ағартушы, ақын, журналист Ахмет (Ахметқали) Мамытұлы (1895-1938 ж. ж.) Астрахан губерниясының Қойтоғыт ауылында туған. Ол – әйгілі қазақ батыры Мәншүк Мәметованың әкесі.
Уфадағы Ғалия, Орынбордағы «Хұсайыния» медресесінде оқыған. 1912-1914 жылдары Қазандағы Кәрімовтер баспасынан «Кеңес», «Ғибрат» атты өлеңдер жинағы шыққан. 1917-1918 жылдары Ташкентте «Бірлік туы» газеті басқармасында жұмыс істейді. 1918 жылы күзде «Ойыл уәлаятына» келіп, «Еркін қазақ» газетінің бірнеше нөмірін шығарады. 1920 жылы Орал қаласында «Ерік» газетін шығарып, редактор болады. 1921 жылы «Қызыл ту» газетінде жауапты хатшы болады. 1923-1927 жылдары Саратов университеті медицина факультетінде оқиды.
1937 жылы «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, 1938 жылы атылған.
Забиров Уәли Абдрахманұлы (1897-1937 ж. ж.) Орал қаласында туған, ұлты татар, медресе және СССР Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын бітірген. 1919 жылы қыркүйек-қазан айларында Орал қаласында қазақ тілінде газет шығару мәселесі көтерілген кезде, ол жұмыс Орал губерниялық партия комитетінің қызметкері У. Забировке тапсырылған. Осылайша Орал қаласында «Сахара таңы» газеті шыққан. Қазақ-татар тілдерінде аралас шыққан «Сахара таңы» 3-4 санынан кейін тоқтап қалған.
Уәли Забиров кейін ғылыммен айналысқан, түрколог, тарихшы және археограф, Орта Азиялық жоғары техникалық мақта жоғары оқу орнында жұмысшы факультетінің деканы, Шығыстану институтының қызметкері болған. СССР ҒА Тарих институты Ленинград бөлімінің аға ғылыми қызметкері болып жүрген кезінде 1936 жылы тұтқындалған. 1937 жылы 4 қарашада атылған.
Әлжанов Батырбек Хайроллаұлы (1895-1940 ж. ж.) Орал облысы Қароба болысы, Бұлақсай ауылында (Теректі ауданы Қабылтөбе ауылдық округінде) туған. Ауыл молдасынан хат таныған. Азамат соғысынан кейін Орал губерниялық «Қызыл ту» газетін алғаш шығарушылардың бірі. 1920-23 жылдары осы газеттің редакторы, жауапты хатшысы болған. Орал қаласында қазақ театр өнерін дамытуға атсалысқан. 1923-25 жылдары республикалық «Жас қайрат» («Лениншіл жас») журналында жауапты қызметтер атқарды.
1938 жылдың 17 сәуірі күні оған РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы, 2, 7, 8, 11-тармақтары бойынша айып тағылып, 10 жылға сотталған. 1940 жылдың 9 желтоқсаны күні Севостлаг НКВД-сының лагерінде қаза табады.
Шайхы Жантілеуов (1898-1938 ж. ж.) Орал облысы Жымпиты уезі Өлеңті болысында туған. Алаш қозғалысына қатысушы, Орал облысында оқитын қазақ оқушыларының «Ақниет» өзара көмек қоғамын құрушылардың бірі, Орал РК(б)П губерниялық комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары (1921, қазан-1923, мамыр), губкомның бюро мүшесі болған Ш. Жантілеуов «Қызыл ту» газетінің жауапты редакторы қызметін қоса атқарған. Орал қаласында қазақ тілінде газет шығару өте қиын болған 1921-1923 жылдары «Қызыл тудың» бүкіл жүгін Батырбек Әлжановпен бірге көтерген.
Кейін Семей, Сырдария, Алматы губернияларында лауазымды қызметтер атқарған. 1937 жылы «халық жауы Жүргенов тобының мүшесі» деген айыппен тұтқындалып, 1938 жылы 26 ақпанда атылған.
Алаш қозғалысына қатысушы Әбдірахман Байділдин (1891-1931 ж. ж.) қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданында туған. Үш жылдық ауыл мектебін, орыс-қырғыз училищесін, 1917 жылы Омбыдағы Мұғалімдер семинариясын бітіреді. 1919 жылы Алашорда делегациясының құрамында Уфа мен Самара қалаларына барады.
1921-1922 жылдары Орынборда «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газетінің редакторы болып істеген. 1922-1923 жылдары Орал облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, «Қызыл ту» (қазіргі «Орал өңірі» газеті) газетінің редакторы.
1929 жылы басталған қуғын-сүргін кезінде «халық жауы» ретінде айыпталып, 5 шілдеде тұтқынға алынады. 1931 жылы 21 сәуірде ату жазасына кесілген.
Алаш қозғалысының қайраткері, әдебиет сыншысы, абайтанушы Ыдырыс Мұстамбаев (18981937 ж. ж.) 1898 жылы қазіргі Семей қаласы Жаңасемей бөлігінде дүниеге келген.
1921-1923 жылдары Ы. Мұстамбаев Орал губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары және Орал губерниясының прокуроры қызметін атқарған. Қосымша губерниялық «Қызыл ту» газетіне жауапты редактор ретінде қол қойған.
Мұстамбаев осы кезеңде Арон Қаратаевтың қызы Шахзадаға үйленген. Осыған орай «Патша үкіметінің үлкен шенеунігі, саяси сенімсіз Арон Қаратаевпен туысқандық қарым-қатынасы болғандығы үшін Орал губерниясынан кетірілсін» деген құпия шешім шыққан. Ыдырыс Мұстамбаев Ақмола губерниясының прокуроры болып істеп жүрген кезінде «тап жауларымен» туыстығы бар деген оңды-солды қыр соңынан қалмай қойған айыпталулардан кейін Шахзада Аронқызымен ажырасуға мәжбүр болған.
Ыдырыс Мұстамбаев Голощекиннің «қырағы» күзетінде болып, 1926 жылдан қуғынға түсті. 1933 жылы Мәскеу қаласында ұсталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. 1937 жылы 11 қарашада қайта сотталып, ату жазасына кесілді.
1904 жылы Торғай облысының Қостанай уезінде туған Сүгіров Рахым Сүндетұлы (1904-1938 ж. ж.) 1919-1921 жылдары ауыл мектебінен білім алған. 1921 жылдың қараша айынан 1923 жылдың маусымына дейін «Жас алаш» газетінің редакция хатшысы болған.
06.1924-07.1925 жылдар аралығында «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясының хатшысы, 1925 жылдың шілдесінен бастап 1927 жылға дейін Орал губерниялық «Қызыл ту» газетінің хатшысы. 1929 жылдың желтоқсанынан «Еңбекші қазақ» газеті бас редакторының орынбасары.
Р. Сүгіров 1937 жылы 10 қазанда тұтқындалып, 1938 жылы 34 жасында атылған.
Медеш Оралдиев (1890-1937 ж. ж.) 1890 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында, бұрынғы Соналы ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Арабша хат таныған.
Еңбек жолын Жымпиты аудандық Кеңес атқару комитетінде жауапты қызметтен бастаған. Кейін Орал қаласына, облыстық газет қызметіне ауысқан. «Қызыл ту» («Екпінді құрылыс») газетінде М. Оралдиевтің бөлім бастығы лауазымында қызмет еткені белгілі. Партия жолдамасымен Алматыға, Семей, Қарағанды облыстарына жіберілген. Соңғы қызметі – 1937 жылдың 22 мамырына дейін Қарағанды облысы Қарқаралы аудандық «Еңбек майданы» атты газеттің алғашқы редакторы болған.
Медеш Оралдиев 1937 жылы «Жастар арасында алашордалықтардың кітаптарын насихаттағаны, алашордалықтардың кітаптарын сақтағаны, революцияға қарсы ұлттық ұйымға қатысқаны үшін» ату жазасына кесілген.
Елжас Бекенов (1892-1938 ж. ж.) Көкшетау облысындағы Қарағаш ауылында туған. 11 жасынан жалданып байлардың малын баққан. 1916 жылы майдандағы қара жұмысқа шақырылады.
1922-1924 жылдары Орынборда рабфакта оқыған. 1925-1928 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінде әдеби қызметкер, 1929-1931 жылдары Петропавл округтік «Кеңес ауылы» газетінде редактордың орынбасары, кейін редакторы болды. 1931-1933 жылдары «Ауыл коммунисі» журналында редактордың орынбасары болады.
Елжас Бекенов 1933 жылы желтоқсан айында Оралдың облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің жауапты редакторы болып тағайындалады. 1935 жылы шілде айында Солтүстік Қазақстан облысына ауысқан.
Елжас Бекенов – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1938 жылы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.
Иманқұлов Сәтбек (Сәтібек) Сәрсенұлы (1904-1938 ж. ж.) Орал облысы, Қаратөбе ауданы, Ханкөл ауылдық советінде туған. 1919-1922 жылдары ауылдық кеңес хатшысы, 1922-1925 жылдары Орынбор қаласында білім алған. Кейін Жымпиты ауданында, Орал қаласында түрлі лауазымдық жұмыстар атқарған.
Сәтбек Иманқұлов 1936-1937 жылдары «Екпінді құрылыс» газетінің жауапты редакторы болған. «Редактор кезінде алашордашылардың туыстарын қызметке алып, халық жауларын әшкерелейтін хаттарды жарияламай жасырды» деп айыпталған. 1937 жылы 5 қыркүйекте қамауға алынып, 1938 жылы 8 наурызда атылған.
Ізбай Қошанов Нұржігітұлы (1906-1938 ж. ж.) 1906 жылы 20 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы, Гурьев округі, Маңғыстау ауданы Форт-Александровск қаласында туған, білімі бастауыш.
І. Қошанов 1927-1928 жылдары Адай уездік комсомол комитетінің хатшысы болған. 1935 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Орда аудандық партия комитетінің І хатшысы. 1937 жылдың басында облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің редакторы болып тағайындалады. Бірақ көп кешікпей «контрреволюциялық ұлтшылдарды бүркемелеп, қолдағаны үшін» 1938 жылдың 7 қаңтарында партия қатарынан шығарылған. 1938 жылғы 13 қараша күні Алматы қаласында атылған.
Дайындаған Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
"Орал өңірі" газеті