Қазақстандық белгілі әнші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов карикатура авторы Мұрат Ділмановпен кездесу туралы ойынан айныды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап. Продюсердің заңгері Аманбол Әбеуовтің айтуынша, онымен кездесуден нәтиже шықпайды.
Айта кетейік, Қыдырәлі Болманов осыған дейін карикатура авторымен кездесуді жоспарлаған болатын. Алайда Мұрат Ділманов проюсерден кешірім сұрамайтынын мәлімдеген еді.
"Егер ол (Ділманов - автор) Қыдырәліден кешірім сұрамайтын болса, онымен кездесудің не қажеті бар? Бастапқыда онымен кездесу жоспарланған болатын, бірақ кездесуден бір қорытынды болу керек қой (...). Бірақ ол адам карикатура үшін кешірім сұрамайтынын мәлімдеді. Бұл мәселе соттың шешімімен аяқталатын шығар", - деді Аманбол Әбеуов.
Ал карикатура авторы продюсерден кешірім сұрамайтынын тағы да айтып өтті.
Айта кетейік, осыған дейін Болманов Желіде тарап жүрген карикатураны бөліскендерді ой өрісі тар адамдар деп атаған еді. "Мен ешкімге нақты ештеңе айтқан жоқпын, келіп, нақты сұраса, жарты сағаттың ішінде түсіндіріп берер едім. Келген адам өз пікірін міндетті түрде өзгертер еді. Тереңірек ойлап көрсек, бұл блогерлер мен сыншылар ой өрісі тар адамдар", - деді белгілі әнші әрі продюсер.
Ал кейінірек продюсердің карикатура салған суретшіні сотқа беретініхабарланған еді. Әртіс суретшіден қоғам алдында кешірім сұрауын талап еткен болатын. Сондай-ақ, Қыдырәлі Болманов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында суретшімен кездесуге дайын екенін және Ділмановпен келіссөз жүргізгісі келетінін мәлімдеген болатын.