09 жел, 2020 сағат 12:25

Күз және қыс маусымында Қазақстанның су айдындарында 16 адам қаза болды - ТЖМ

Биылғы жылдың күз бен қыс мезгілдерінде еліміз бойынша 16 адам қайтыс болды, оның ішінде 5 бала бар, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, министрліктің аумақтық бөлімшелері су айдындарда адамдардың (балықшылардың) қаза болуының алдын алу бойынша рейд және профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Рейд барысында балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау туралы ақпараттық жадынамалар таратылады. 

Мәселен, 2020 жылғы 9 желтоқсанда ТЖ министрлігінің және Нұр-Сұлтан қаласы ТЖ департаментінің қызметкерлері, волонтерлер әуесқой балықшылар арасында Нұр-Сұлтан қаласының су айдындарындағы кезекті профилактикалық, рейдтік іс-шара өткізді. Іс-шара барысында Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлері іс жүзінде зардап шеккен адамға көрсету тәсілдермен таныстырды. Мұз астына түсіп кеткен адамды құтқару кезіндегі іс-қимылдарда да пысықталды.

Жалпы республика бойынша Төтенше жағдайлар департаменттері Полиция департаменттерімен бірлесіп, балық аулау орындарында, мұз үстімен өтетін жерлерде патрульдеу, аралау жұмыстары және рейдтерді тұрақты жүргізіп келеді. Күз-қыс мезгілінде 4 512 патрульдеу және рейд өткізілді, судағы жүріс-тұрыс қағидаларын сақтау бойынша 15 769 нұсқаулық берілді.

Күн сайын қауіпті су айдындарында, мұздың қалыңдығын бақылау жұмыстары жүргізіледі. Ол жерлерде 1 095 ескерту белгісі орнатылған. 

Ағымдағы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша су айдындарындағы мұздың қалыңдығы:

- солтүстік өңірде - 5-8 см.;

- батыс өңірде - 1-3 см.;

- орталық өңірде - 10-12 см.;

- шығыс өңірде - 25-30 см.;

- оңтүстік өңірде - 3-4 см.

Аң және балық аулау маусымы басталғаннан бері (2020 жылғы 1 қазан-7 желтоқсан) елдің су айдындарында 16 адам, оның ішінде 5 бала қаза тапты. 

Балық аулау кезінде ережелердің бұзылуынан 11 адам қаза тапты және ересек адамдардың қарауынсыз қалған 5 бала абайсызда суға құлап, суға батып кетті.

 

Ағымдағы жылы қаза болғандар Ақмола (5 адам), Алматы (3 адам, оның ішінде 2-еуі бала), Жамбыл (2 бала), Қостанай (2 адам), Қызылорда (2 адам), Маңғыстау (1 бала), Түркістан (1 бала) облыстарының су айдындарында тіркелді.

Мәселен, өткен күз және қыс маусымында (2019 жылғы 1 қазаннан бастап 2020 жылғы 1 наурызға дейін) еліміздің су айдындарында балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу салдарынан, сондай-ақ мұз өткелдері арқылы өту кезінде 37 адам (оның ішінде 10 бала) қаза болды. Адамдардың қаза болуының негізгі себептері:

1) 19 адам балық аулау кезінде (жағалаудан және/немесе жүзу құралдарынан) суға құлаған;

2) 7 адам балық аулау кезінде мұз астына құлап кеткен;

3) ойнап жүріп 8 бала мұз астына түсіп кеткен, 2 бала суға құлаған;

4) 1 адам мұз өткелдері арқылы өту кезінде құлаған.

Аумақ бойынша алып қарасақ, қаза болғандар Ақмола, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Шығыс-Қазақстан, Жамбыл, Батыс-Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Алматы қаласының су айдындарында тіркелді. 

Осыған байланысты, ел азаматтарын төмендегідей қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз:

1) тәуліктің қараңғы уақытында және нашар көрінген кезде мұзға шықпаңыз;

2) мұздың жұқа және қатпаған жерлерімен жүрмеңіз;

3) мұздың жекелеген бөлігінде топтасуға болмайды;

4) мұздағы шұңқырларға, жарықтарға, ойықтарға жақындамаңыз;

5) автомобильдермен өткелдерден тыс жерлерге шықпаңыз.

«Мұз астынан балық аулауға болмайды, балықты жеке құтқару құралдары болған жағдайда ғана аулау қауіпсіз. Сондай-ақ шектеулі алаңда екіден көп шұңқыр тесуге және от жағуға жол берілмейді, адамдар өтетін жерлерге балық аулауға арналған желілерді орнатуға және шұңқырларды тесуге болмайды.

Бір адам үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы кемінде 10 см. жаяу өткелді жасау үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы 15 см және одан астам болуы керек. Автомобильдердің өтуі үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы кемінде 30 см болуы кере», - делінген хабарламада.