Жоралы жұртымызға және бүтін түркі дүниесіне киелі Өтүкен қойнауынан сүйіншілейтін ақжолтай жаңалығымыз бар. Моңғолияның Арханғай аймағындағы Номғон алқабынан көне түркі дәуіріне жататын құнды ескерткіш табылды. Бізге белгілі болған мәліметтер аталған тарихи кешеннің Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түркі қағанатының қуатын еселеп қайта жаңғыртқан Құтлық Елтеріс қағанға арналғанына көз жеткізіп отыр. Бұл тарихымыздың талай ақтаңдағын айқындайтын айтулы жаңалық, әлемдік түркологияның елеулі жетістігі.
Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология және тарих институты бірлесіп жүргізген ғылыми археологиялық экспедиция жұмыстары пендемияға байланысты үзілістен кейін осындай жағымды жаңалықпен жалғасын тауып отыр.
Бұл кешен ежелгі түркі мәдениетінің іргелі нысаны екені анық. Бірлескен экспедиция үшін араға ғасыр салып табылған зор олжа. Осы ретте айта кетерлік бір жайт, Құтлық қаған деген жазуы бар һәм түрк сөзі алғаш айтылатын бұл кешенді табу кездейсоқ жүзеге асқан жоқ. Мұның алдында Халықаралық Түркі академиясы Шивээт-улан ғұрыптық кешенінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 2016 жылы аталған өңірге арнайы экспедиция ұйымдастырды. Құтлық қағанның тұсында салынған салтанатты кешеннен таңбалар, түрлі артефактілер табылумен қатар, олардың мерзімі анықталды. Кешен 2018 жылы Түркі академиясы тарапынан қоршалып, қамқорлыққа алынды.
Бұдан бөлек Түркі академиясы Тоныкөк бітіктасының 1300 жылдығын ЮНЕСКО аясында кеңінен атап өтіп, ескерткіш мәтіні аудармаларының жинағын жарыққа шығарды. Сонымен қатар биыл Күлтегін жазбаларын әлемнің бірнеше тіліндегі нұсқада жинақтап, оқырман назарына қайта ұсындық. Осылайша, 2019 жылы басталған Номғон экспедициясы пандемияға байланысты үзіліс жариялағанымен, академияның бұл бағыттағы ізденістері жалғаса берді. Бүгінгі жаңалық - соның нәтижесі.
Осыған орай кеше Ұланбатыр қаласында арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, түркі дүниесі түгел құлақ түріп отырған осы елеулі жаңалығымызды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сүйіншіледік.
Халықаралық Түркі академиясының Моңғолияда жүргізіп жатқан зерттеу жұмыстары туралы баяндап, жаңадан ашылған көне түркі дәуірі ескерткішін алғаш рет көпшілікке таныстырдық.
Ғұрыптық кешеннің жалпы аумағы 49х41.5 шаршы метр жерді алып жатыр. Батыстан шығысқа қарай сопақша болып созыла орналасқан кешенді айналдыра қоршап ор қазып, одан шыққан топырақты үйіп қамал жасаған.
Кешеннің батыс жағында ортасында ойығы бар текше тас (альтар), адамның тас мүсіндері, қасында екі күшігі бар арыстан мүсіні және екі қой мүсіні орналасқан. Кешеннің қақпасынан шығысқа қарай 51 балбал тас тізбектеле қойылған. Олардың ішінде бес балбалдан Ашина әулетіне тиесілі «таутеке» таңбасы анықталды.
Сонымен қатар көне кешен орнынан барықтың (табыну орны) болғанын айқындайтын қыш жабындылар мен жаяу жүргінші жолына төселген кірпіштердің қалдықтары қазылып алынды.
Барықтың алдынан еңселі жазба ескерткіштің жоғарғы бөлігі мен оның тасбақа бейнесіндегі тас тұғыры табылды. Құнды олжаның екі бетінде 12 жолдан тұратын көне түркі бітік жазуы, ал үшінші қырында ескі соғды жазуы қашалған. Әзірше ескерткіш мәтінінен «Тәңір», «түрк», «Құтлық», «түмен» секілді бірқатар сөздерді анық оқыдық.
Жалпы алғанда, Номғон ғұрыптық кешені барлық белгілері жағынан Білге қаған мен Күлтегін ғұрыптық кешендеріне ұқсас. Номғон жазба ескерткішінің жоғарғы тұсында төмен қараған денесі айдаһар бейнесіндегі екі бөрінің басы бейнеленген. Дәл осындай қағандық атрибутикалардың – айдаһар денелі, бөрі басты сюжеттің Таспар қаған, Білге, Күлтегін және басқа бірқатар ескерткіштердің жоғарғы тұсында қашалғаны белгілі.
Алдағы уақытта Халықаралық Түркі академиясы Номғон архелогиялық экспедициясының нәтижелеріне арналған ғылыми жинақ әзірлеп, түркі мемлекеттерінің астаналарында таныстыруды жоспарлап отыр.
Моңғолиядағы түркі дәуірінің ескерткіштерінде қазба жұмыстары бұдан әрі қарай да жалғаса береді. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, алдағы уақытта Құтлық Елтеріс қаған ескерткіш кешені де жан-жақты зерттеліп, тарихымызға бетбұрыс әкелер талай тың жаңалықтың куәсі боларымыз анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тамырлас Әзербайжан еліне сапары мен түркі дүниесін елең еткізген осынау айтулы жаңалықтың тұспа-тұс келуін де жақсылықтың нышаны деп көруге болады. Екі оқиға да түбі бір туыс халықтарды шын қуантқаны анық, түркі елдерінің басылымдары жарыса жазып жатыр.
Осы орайлы сәтте біздің жұмысымызға зор қолдау көрсеткен Моңғолия Үкіметіне, Моңғолия Ғылым академиясына, сондай-ақ жобаға жетекшілік жасаған А.Энхтөр мырзаға, Археология және тарих институтының директоры Г.Эрэгзин мырзаға, экспедиция жұмысына белсенді қатысқан барша әріптестерімізге ризашылығымызды білдіреміз.
Дархан Қыдырәлі,
Халықаралық түркі академиясының президенті
"Егемен Қазақстан" газеті