Халықаралық түркі академиясы Моңғолия астанасы Ұланбатырда бейнеконференция арқылы баспасөз мәжілісін өткізіп, көрші елдегі Номғон алқабында жүргізген ғылыми-археологиялық экспедицияның алғашқы нәтижелері туралы мәлімет ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін сіздермен біздің жазу мәдениетіміздің тарихын тереңдететін, алғаш рет «түрк» деген сөз кездесетін Күлтегін мен Білге қағанның әкесі Құтлық қағанға байланысты үлкен жаңалықты бөліскелі отырмыз», - деп бастады Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.
Сондай-ақ, академия тарапынан Моңғолия жеріндегі түркі мұрасын іздестіру жұмыстары 2015 жылдан бастау алатынын, пандемия кезінде саябыр тартқан жұмыстар қайта жанданғанын еске салып өтті.
«Бұл – үлкен жаңалық. Күлтегін мен Білге қағанның кешені табылған кез бен арада өткен ғасырға жуық уақыттан бергі ең үлкен жаңалықтың бірі деп есептейміз және біздің тарихымызға зор үлесі болатынына ешқандай дау жоқ. Бұл – экспедицияда табылып отырған үлкен олжа», - деді академия президенті.
Айта кетейік, Моңғолия жеріндегі Номғон экспедициясы 2019 жылы басталған. Пандемиядан кейін қайта жанданған экспедиция биыл құнды олжа тауып отыр. Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы ұлы Құтлық Елтеріс қағанның кешені табылды.