28 наурыз күні өткен Сенат отырысында депутат Төлеубек МҰҚАШЕВ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ұ. Маминнің атына депутаттық сауал жолдады.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А.Ұ.МАМИНГЕ
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Өздеріңіз білетіндей, биылғы 25 наурызда Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» кен орнындағы 8237 ұңғыда газ бен судың бірнеше мәрте жойқын атқылауынан кейін өрт болды.
Стратегиялық маңызы бар нысанға ғана емес, сонымен бірге Каспий аймағының экологиясына қатты зиян келді.
Бұл жағдай «Қаламқас» кен орнында мұнай барлаумен және өндірумен айналысатын компаниялардың ғана емес, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану, өрттен және өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыру мәселелері заң жүзінде жүктелген мемлекеттік органдардың олқылықтарына байланысты орын алды деп ойлаймын. Оның үстіне, биылғы жылғы 13 наурызда орын алған апатты оқшаулауға қажетті уақытты жіберіп алып, апатты жоюға қажетті күштер мен құралдардың әлеуеті пайдаланылмады, ұңғыда өрт шыққаннан кейін ғана мәселеге назар аударыды. Жер қойнауын қорғау мен пайдалану ережелері бұзылғаны айдан анық.
Мемлекеттік және жеке өрт сөндіру күштерінің осындай апатты жоюға қажетті ешқандай құралдары мен мүмкіндіктері жоқ екенін айта кеткен жөн.
Жоғарыда айтылған жағдай қауіпті өндіріс объектілеріндегі жазатайым оқиғалар мен жағдаяттардан туындайтын қауіпті өндірістік көріністердің зиянды әсерлерін болдырмауға арналған өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы тиісті мемлекеттік қадағалау жүргізілмегенін көрсетті.
Сонымен қатар қауіпті техникалық құралдарды пайдаланатын қауіпті өндіріс объектілері мен ұйымдардың апаттар мен олардың зардаптарын жою және оқшаулау жұмыстарын жүргізуге дайындығын мемлекеттік бақылау әлсіз екені байқалып отыр.
Сондай-ақ, апатта құтқару қызметі мен құралымдар жұмысының арасында, төтенше жағдайларды жоюға арналған қажетті күштер мен құралдарды жедел түрде тарту мақсатындағы мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің үйлесімі жоқ.
Оған қоса, негізгі қызметі осындай деңгейдегі өртті жоя алатын, республиканың барлық өнеркәсіпті аймақтарында жұмыс істейтін әрі 13 филиалы бар еліміздегі жалғыз мемлекеттік кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі 2018 жылы жекешеленіп кетті.
Үкіметтің жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын белгілейтінін, сондай-ақ өрт пен өнеркәсіптік қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін ескере отырып, біріншіден, жазатайым оқиғалардың себептерін тергеп-тексеруді және айқындауды қажет деп санаймыз. Сонымен қатар заңнамада белгіленген тәртіпте мынандай өзекті мәселелерге жауап беруді сұраймыз:
1. Осындай жағдайларға жол бермеу үшін Үкімет болашақта қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отыр?
2. Еліміздегі кәсіби апатта құтқару қызметтері мен төтенше жағдайларды және олардың зардаптарын жою жөніндегі бөлімшелердің республикадағы барлық қауіпті өндіріс нысандарына қызмет көрсету жағдайы қандай?
3. Кәсіби апатта құтқару қызметтері мен құралымдарының дайындығы, оның ішінде апатта құтқару жұмыстарын жүргізу үшін қажетті техникамен, жабдықтармен, сақтандыру құралдарымен және жеке қорғану аспаптарымен қамтамасыз етілу деңгейі қандай?
Құрметпен, Т. МҰҚАШЕВ