13 қаз, 2020 сағат 10:37

Құс тұмауы: Вакциналау тәртібі қалай жүргізіледі?

ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов құстарды вакциналау тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құстарды вакцинациялауға қатысты тоқталсақ, профилактикалық екпе жасау құс өсірушілер одағы өкілдерінің қатысуымен қабылданған стратегияға сәйкес жүргізіледі және ҚР Премьер-Министрі орынбасарының хаттамалық шешімімен расталады. Құс шаруашылықтарында субъектілердің биологиялық қауіпсіздігінің күшейтілген режимін және «жабық типті» күтіп-ұстауды ескере отырып, құстарды әр басына вакцинациялау көзделмейді», - деді Тұрсын Қабдолданов Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның сөзіне қарағанда, қолданыстағы ветеринариялық заңнамада көзделген міндеттемелеріне сәйкес, құс фабрикалары өздері де екпе салады. Бұл ретте бройлер құс фабрикалары бройлерлердің қысқа өмір сүруіне байланысты оларға вакциналау жүргізбейді, өйткені олар тәуліктік балапандар мен инкубациялық жұмыртқаны құстар вакциналанатын құс фабрикаларынан алады. Жұмыртқа бағытындағы кәсіпорындар тауықтарды вакциналайды. 

«2020 жылға бекітілген жоспарға сәйкес, биылғы ақпан айында құс тұмауына қарсы екпе жасауға 3 377 900 доза вакцина бөлінді. Ошақтарды оқшаулау үшін қыркүйек айында республикалық резервтен 2,3 млн доза бөлінді және қыркүйекте қосымша 697 755 доза вакцина, қазан айында 1,3 млн доза сатып алынды. Осылайша, өңірлерге 7,7 млн доза вакцина бөлінді, бригадалар ұйымдастырылды, 1185-тен астам ветеринариялық мамандар тартылды. 

Вакцинация үшін отандық екпемен тегін қамтылады. Қазіргі кезде мәжбүрлі вакцинация аясында 2,8 миллионнан астам құс басы вакцинацияланды. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында вакцинация толығымен аяқталды», - деді Тұрсын Қабдолданов.