24 қаз, 2016 сағат 10:02

Құр шөппен ауыз сүртпей, нақты есебін жүргізіңдер – Б.Сапарбаев

Ақтөбе рельс-арқалық зауыты жылына 600 мың тонна өнім шығару мүмкіндігіне ие. Жылына 200 мың тонна рельс, 230 мың тонна пішінді илек шығаратын зауыт басшылары тапсырыс болса, өнім көлемін арттыруға уәде берген. Ал қазір бар болғаны 100 мың тонна рельс шығады. Тапсырыс беруші Ресей мен Өзбекстаннан ғана табылды. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асқар Биахметов 9 айдың қорытындысы кезінде айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" BNews.kz порталына сілтеме жасап.

Ақтөбе облысында экономика, ауыл шаруашылығы саласының 9 айлық қорытындысы белгілі болды. Әдеттегідей, өнеркәсіп, инвестиция, құрылыс, тіпті, сауда саласында да қиындықтар бар. Өңірдің экономикасына жауапты облыс әкімі Асқар Биахметовтің айтуынша, мұнай да таусыла бастаған. Ірі мұнай команиялары, атап айтар болсақ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазақОйл» серіктестігі ұңғымалардың мұнай көлемі азайғанын, қысымның түсіп кеткенін алға тартып отыр. Ендігі жол – Энергетика, Инвестиция және даму министрімен ақылдасып, келісімдегі мұнай өндіру көлемін азайтуды ұсыну. Себебі, жыл өткен сайын қара алтын өндірісі төмендеп келеді.

«Ресейдегі ірі зауыттың уақытша тоқтауына байланысты «Восхад Ориел» серіктестігінің өніміне сұраныс азайды. Енді жаңа жол, жаңа сатып алушыларды іздеу қажет. Сонымен қатар, құрамында алтыны бар кенді өндіру 76,6 мың тоннаға төмендеді. Қазір кен өңдеу фабрикасын салу маңызды. Себебі, шикізат өңделіп сатылса, дайын өнімге сұраныс болады. Тіпті, Ақтөбе рельс-арқалық зауытының өнімін сату мәселесі шешілмей тұр. Қазір зауыт 100 мың тонна өнім шығарады. Ал өндіріс орны жылына 200 тонна рельс, 230 тонна пішінді илек шығара алады. Басшылары 600 мың тонна өнім шығару мүмкіндігі бар екенін айтады. Тек сатып алушыларды іздестірген жөн», – дейді облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов.

Рельс-арқалық зауыты келер жылы Ресейден 100 мың тонна, Өзбекстаннан 30 мың тонна тапсырыс алған. Ендігі уақытта өнімнің өзіндік құнын азайту үшін болат құю цехын салу жоспары бар.

Айта кетейік, «ҚазақОйл» серіктестігі жылына 300 миллион тонна сұйылтылған газ шығаратын газ өңдеу зауытын салуды ұсынды. Бұл жұмыс қытайлық компаниямен бірлесе іске асырылуы мүмкін. Инвестиция тарту жұмысына келер болсақ, 9 айда 211,2 миллиард теңге Ақтөбе экономикасын көтеруге жұмсалды. Өткен жылдың көрсеткішіне жету үшін тағы 150 миллиард теңге қажет. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің айтуынша, қор бар, тапсырма толық орындалады. Құр сөзге күмәнмен қараған өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қағаз бен қарындаш алып, нақты есеп жүргізуді тапсырды.