Рухани жаңғыру аясында Жетісу жерінде түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Әсіресе көне тарихымызды қайта зерделеп, ұмыт болған ұлыларымыздың есімін қайта жаңғыртуда алуан істің атқарылып жатқаны жанымызды жадыратады. Мұны келер ұрпақтың кемелденуіне жол ашып, бабалар алдындағы парызымызды өтеу деп білеміз. Сондай игі істің бірі Кербұлақ ауданының Қарашоқы ауылында өтті.
Ежелден киелі мекеннің бірі Күреңбел жерінің тарихы тағы бір дара тұлғамен толықты. Қойнауы құтқа толы, әулие мен әмбиелердің тұрағы болған мекенде жаңа кесененің ашылу салтанаты өтті. Емшілігімен қатар, әділдігі мен батырлығы да халқының жадында сақталған ақбұйымнан шыққан Құлжабай би Тайсарыұлының кесенесі жаңартылып, есімі қайта жаңғырды.
Баба ұрпақтары рухани жаңғыру аясында келелі істі қолға алып, ел бірлігін сақтаған Құлжабай биге арнап мәдени шара ұйымдастырды. Қарашоқының шығыс жақ бетіне ақшаңқан қазақ үйлер тігіп, атаға арнап ас берді. Бұл шараға халық көп жиылды. Алыс-жақын ауылдан, тіпті сонау Шымкенттен келген қонақтар да тойдың куәсі болды. Баба есімінің тек Жетісу жеріне ғана емес, күллі қазақ даласына танымал, ортақ тұлға екені осыдан да байқалды.
Құлжабай биге арналған мерекелік шара баба кесенесінен бастау алды. Ауылдан он бес шақырым жерде тау етегінде бой көтерген кесене сыртқы келбетімен алыстан көз тартады. Маңғыстаудың ақ маржан тасынан қашалып көтерген кесене еңселігімен ерекшеленеді. Жан-жағы қоршалып, кесененің қасына Құлжабай бидің ұлағатты өсиеті қашалып жазылған тас белгі қойылыпты. Алты Алаштың баласы иық тіресіп тұрғандай, ажырамас татулықтың белгісіндей алты бұрыштан құралған еңселі кесененің ішінде құран бағыштауға арналған орындықтар қойылып, бабаға зиярат етуге қолайлы жағдай жасалған.
Ауызбірліктің арқасында қайта түлеген кесененің ашылу салтанатында аудан әкімі Бағдат Әлиев бастаған зиялы қауым бабаға тағзым жасады. Аруағына арнап Құран оқып, мәдени шараның шымылдығын түрді.
Мұнан соң сахна төріне Қапшағай қаласының Құрметті азаматы Амангелді Беспаев шығып, Құлжабай би Тайсарыұлы жайлы қысқа баяндама жасады. Сонау қиын-қыстау кезде Ескелді, Балпық бимен бірлесіп Жалайыр руын Сырдариядан Жетісуға көшіргенде Құлжабай би аса белсенділік танытып, жанқиярлық көрсетеді. Сол тұста Алтынемелде өз билігін жүргізген Тезек төреден жер сұрап, халқын орнықтырады.
Шешендігімен, тапқырлығымен, әулиелік қасиетімен Тезек төренің назарын аударып, сый-құрметіне бөленген Құлжабай би сол күннен бастап ақбұйым жұртының иесі атанады. Ел арасында биік беделге ие болған Құлжабай би Тезек төремен бірлесіп, талай дауды әділ шешіп, халықтың ықыласына бөленеді. Бүгінде ұрпақтары додаға түсе қалса баба есімін ауызға алып, рухтанып қоя береді. Міне, осындай деректерді тілге тиек еткен Амангелді Беспаев би кесенесін қайта жаңғыртуға қол ұшын созған барлық ағайынға алғысын білдірді.
Келесі кезекте аудан әкімі Бағдат Әлиев сөз алып, ауданда рухани жаңғыру аясында істеліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Аудан орталығында баба атымен көше аталғанын, 2014 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Ұлы даланың Ұлы даралары» атты мемориалдың бой көтергенін және онда Құлжабай бидің есімі жазулы тұрғанын қуанышпен жеткізді. Әлі де талай жұмыстың атқарылатынын тілге тиек етіп, ұлы тұлғаларымызды ұлықтау ісінің жалғаса беретінін айтты. Аудан әкімі батырлар есімін тарихқа қалдыруға көп үлес қосқан қандас бауырымыз Ақпар Мәжитке ауданның Құрметті азаматы атағын берді. Ақпар Мәжит өзі келе алмағандықтан куәлікті «Жалайыр» қорының төрағасы Өмірәлі Жалайриға табыс етті.
Шара соңынан аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары сахналық қойылым көрсетіп, әннен шашу шашты. Тігілген қазақ үйлерде ата рухына құран оқылып, ас берілді. Түстен кейін ұлттық спортқа кезек келді. Білектерін сыбанған көкпаршылар қыздырған дода шашасына шаң жұқпаған тұлпарлар бәсекесіне ұласты. Ал жауырыны жерге тимеген балуандарымыз боз кілемнің шаңын қағып, халықтың көңілін жай етті.
Сонымен, Құлжабай би кесенесі жаңғырды. Өткен шаққа зер салсақ, осындай ардақты тұлғаларымызға арналған ескерткіштердің көп болмағанын байқаймыз. Тәуелсіздігіміздің арқасында мұндай игілікті іс-шараларды атқаруға да мүмкіндік алдық. Тарихи сананы қалыптастыру дегеннің бір парасы осындай дүниелермен сабақтас болары анық.
Ришад Тұрғанбаев