Күлтөбе қалашығына жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу жұмыстары барысында ертедегі халықтың жаңа жәдігерлері табылып жатыр. Түркістан қаласындағы археологиялық зерттеу жұмыстарын Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты жүргізуде. Таяу күндері Оңтүстік Қазақстандағы ескерткіштердің сирек кездесетін санатына жататын және қазақтың ертедегі дәстүрлі зергерлік бұйымын зерттеуде ерекше маңызы бар зергерлік құралдар табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты жобасының ғылыми қызметкері, археолог әрі реставратор Руслан Шербаевтың айтуынша, күлтөбелік зергерлік құралдардың екі түрі бар.
Зергерлік құралдар, XIX ғ.
«Олар – ою-өрнек пен зер салуға арналған нақыштаушы құралдар. Оның бірі темірден жасалған, айтарлықтай нығыз, ұзындығы - 12 см, түбі үшкірленген. Екіншісі – мыстан жасалған, іші қуыс. Құралдардың беткі тұсы пайдаға жарап болғанын көрсетеді. Бұл құралды түркістандық зергердің ұзақ уақыт бойы қолданғаны байқалады», - дейді ол.
Археолог әрі реставратор Руслан Шербаев зергерлік құралдарды камеральды әдіспен өңдеуде
«Күлтөбе қалашығының зергерлік бұйымдарының коллекциясы жеткілікті деңгейде бірегей. Онда қаңлылар дәуіріне жататын ертедегі полихромды стильдегі үлгілер бар. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде коллекция ежелгі және кейінгі орта ғасырлардағы зергерлік өнер жәдігерлерімен толықтырылып отырады. Бұл алтын, күміс, қола мен мыстан жасалған бұйымдар танымал қазақстандық этнограф Ш.Ж.Тоқтабаевтың сөзімен айтқанда – этностың ұлттық ерекшелігін терең көрсете отырып, өзін-өзі шығармашылық тұрғыда таныту түрі. Қазақтардың өзге де дәстүрлі кәсібіне қарағанда зергерлік өнер - өмірдің өзі көрсетіп отырғандай ең өміршең әрі қажет ететін түріне жатады. Сол себепті Күлтөбе қалашығынан табылған археологиялық артефактар – тарихы ғасырлардан ғасырларға ұласатын дәстүрлі зергерліктің кәсіптік тұрғыда талданған сипатының даусыз дәлелі», - деп атап өтті этнограф әрі археолог, «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын реставрациялау» жобасының ғылыми қызметкері Айсұлу Ержігітова.
Осынау құралдармен бірге қалашықта мыстан жасалған құйма табылды. Ол әсіресе түрлі-түсті металлургияда қолданылатын айрықша құрал саналады. Яғни бұл құйма Күлтөбе қалашығында қолөнердің осы түрінің болғанын растайды. Құйма пошымының тікбұрышты құрылымы бар, ал оның көлемі 6х4 см құрайды. Ені - 0,8 см болса, салмағы - 150 грамм. Археологтардың болжауынша, құйма әйелдердің сырғасын құюға қолданылған.
Қоладан жасалған құйма формасы – матрица, XIX ғ.
«Осы қалашықта зергер-шеберлердің түрлі өнімі анықталды. Мәселен олардың бірі: ақ металлдан құйылған білезік, оның беткі тұсында өсімдікке ұқсас ұнамды ою-өрнек бейнеленген. Ой-өрнекті жіңішке ғана мыс білезікпен бірге «М» әрпі нақышталған мыс жүзік бар. Сонымен бірге коллекцияда жіңішке мыс пластинадан әзірленген, өсімдікке ұқсас ою-өрнек бейнеленген бұйымдардың фрагменттері бар. Археолог, жобаның аға ғылыми қызметкері Ерлан Қазизовтың айтуынша, салынған осы соңғы зердің бөліктері ірі бұйымның фрагменті болуы мүмкін.
Қола пластинадан жасалған, нақышты ою-өрнегі бар бұйымның бөліктері, XIX ғ.
Нақышты мыс жүзік, XIX ғ.
Ақ металдан жасалған білезік, XIX ғ.
«Осынау жәдігерлермен толығырақ «Күлтөбе қалашығы» археологиялық паркінің ресми сайтынан және біздің Facebook (@kultobe) пен Instagram (@kultobe) әлеуметтік желісіндегі жарияланымдардан көріп отыруға болады. Аталған ақпарат көздерінен Eurasian Resources Group (ERG) қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобаның айтулы нәтижелерін көруге болады» - деп түйді жобаның бас ғылыми қызметкері, мәдениеттанушы Жанерке Шайғозова.