18 қаз, 2018 сағат 14:36

ҚР Жазушылар одағының Астана филиалына жаңа басшы келді

Ақын Дәулеткерей Кәпұлы Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалының директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дәулеткерей Кәпұлы 1977 жылы 9 тамызда дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың филология факультетін, (1995-1999) Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің магистратурасын (2000-2002) бітірген. Аталмыш университеттің PhD доктаранты. Халықаралық, республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы.

2000 жылы «Жұлдыз» жұрналы жариялаған А.Ыбыраев атындағы республикалық жазба ақындар мүшәйрасының бас жүлдесін, III-ші халықаралық Шығармашыл жастардың Шабыт фестивалінің поэзия номинациясы бойынша гран-приді иеленген.

«Жыр тәңірі», «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Жас ақындар жырларының антологиясы», «Байбесік тұмалары», «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы», «Шабыт», «Жидебай», «Жанартау», «Азаттық таңындағы азат жыр» т.б. қазақ ақындарының біріккен жыр жинақтарында өлең-жырлары жарияланған. «Сүтті іңір»,(2007), «Бүлдірген ағып түскенше» (2011) атты жеке жыр жинақтары жарық көрген.

Түркияның Адана (Тарсус) қаласында өткен түркітектес халықтардың Қаражолан атындағы сегізінші еларалық поэзия фестивалінің лауреаты.

Дарын Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты. Екі дүркін Мемлекеттік стипендия иегері. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Айта кетсек, бұған дейін Қазақстан Жазушылар одағының елордалық филиалын басқарған Бауыржан Қарағызұлы бұл қызметте небәрі алты ай - осы жылдың сәуірі мен қыркүйегі аралығында болды. Кейін Б.Қарағызұлы Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі лауазымына тағайындалған-тын.