05 мам, 2021 сағат 14:12

ҚР ТЖМ: Жыл сайын елімізде шамамен 4 мың табиғи өрт болады


Жауын-шашынның нормадан төмен болуы өрт қауіпінің деңгейін арттырады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жыл сайын елімізде шамамен 4 мың табиғи өрт болады. Оның ішінде орман өрті – 500, дала өрті – 3 500. Өрттің ауданы көбіне 180 мың гектардан асады, залал 200 миллион теңгені құрайды», - дейді Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов. 

Қазгидрометтің болжамына сәйкес, екінші тоқсанда ауа-райы +25ºС-қа, ал оңтүстік өңірлерде +30ºС-қа дейін ыстық болады.

«Ел аумағының басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болады, бұл өрт қауіпінің деңгейін жоғарылатады. Заңнамаға сәйкес дала өрттерін сөндіру әкімдіктердің құзыретіне кіреді, ал орман өрттерін жою – жергілікті биліктің және Экология министрлігінің табиғатты қорғау мекемелерінің өзара жауапкершілігі аймағына берілген», - дейді ол.