19 там, 2020 сағат 07:10

ҚР Қорғаныс министрлігі Ресей әуежайында «сынып тұрған» ұшаққа түсінік берді

ҚР Қорғаныс министрлігі Ресей әуежайында «сынып тұрған» қазақстандық ұшаққа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында «Толмачево» әуежайында (Новосібір қаласы) қанаты сынған қазақстандық ұшақ тұрғаны жөнінде ақпарат пайда болды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап хабарланғандай, аталған ұшақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің балансында тұр. 

Аталған ақпарат бойынша Қорғаныс министрлігі келесіні хабарлайды: 

Қазақстан Әcкери-әуе күштерінің (әуе басқару пунктінің) ұшағы жоспар бойынша техникалық қызмет көрсетуден өту үшін Ресей Федерациясы Новосібір қаласындағы «ОО S-7 ИНЖИНИРИНГ» кәсіпорнында тұр. Жөндеу жұмыстары барысында фюзеляждың жеке бөліктерін және басқа да тораптар мен агрегаттарды бөлшектеу қажет болуы мүмкін. Бұл жерде таңғаларлық ештеңе жоқ, жұмыс жоспарлы түрде өткізіліп жатыр.

Қорғаныс министрлігі БАҚ өкілдеріне ресми дереккөздермен расталған және тексерілген ақпаратты пайдалануды ұсынады және сенсацияға ұмтылмауға шақырады», - делінген Қорғаныс министрлігінің ақпаратында.