Шегірткеге қарсы химиялық күрес шараларының орындалмауы қаупіне байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Император, 20% в.к.» пестицидінің мемлекеттік тіркеуін мерзімінен бұрын тоқтатты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Енді бұл химиялық өнім Қазақстанда қолданылмайды. 2018 жылы «Пестициды» ЖШС Қазақстан аумағына үлкен көлемде «Император 20% в.к.» (имидаклоприд, 200 г/л) пестицидін кіргізген. Шегірткеге қарсы күресу үшін пайдаланылатын препараттың тіркеушісі (иесі) «Шанхай МИО Кемикал Ко., Лтд.» болып саналады. Республиканың оңтүстік аймақтарында «марокко» шегірткесіне қарсы химиялық күрес жүргізу кезінде «Император, 20% в.к.» пестициді фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіні, оның биологиялық тиімділігі төмен (30% - дан кем) екенін көрсетті», - делінген ҚР АШМ мәліметінде.
Мамандардың пайымынша, аталмыш химиялық өнімді алдағы уақытта пайдалану 1,054 млн га жерде шегірткеге қарсы күрес шараларының тиімсіз болуына алып келуі мүмкін. Мұндай жағдайларда «Өсімдіктерді қорғау туралы» заңда «пестицидті» мемлекеттік тіркеу куәлігінен айыру (қайтарып алу) қарастырылған.
«Осыған байланысты, ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің № 333-Н бұйрығымен 2019 жылдың 12 желтоқсанынан бастап «Император, 20% в.к.» пестицидін мерзімінен бұрын тіркеу куәлігін кері қайтарып алып, аталмыш химиялық препаратты мемлекеттік тіркеуден өткізуге тыйым салды», - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.