Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының 17-туры мәресіне жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталған турдағы соңғы ойында Жамбыл облысының «Тараз» және елордалық «Астана» командалары кездесті. Жамбылдық клуб бұған дейін турнир кестесінде тоғызыншы орында тұрса, елордалық команда төртінші орынға жайғасқан болатын. Сондықтан екі команда үшін де жеңіске жету ауадай қажет еді.
Кездесуде «Тараз» футболшылары жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде олардың қатарынан 33-минутта Серж Ньюадзи мергендігімен көзге түсті. Осылайша «Тараз» азулы қарсыласын 1:0 есебімен жеңіп кетті.
Сондай-ақ, аталған турда «Тобыл» «Қайсарды» 3:0, «Шахтер» «Оқжетпесті» 2:1 есебімен жеңсе, «Қызылжар» мен «Каспий» 1:1 есебімен тең ойнады.
Ал Алматының «Қайраты» Шымкенттің «Ордабасы» клубын 3:0 есебімен жеңіп, өз тарихында 16 жылдан кейін үшінші мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Енді командалар ел біріншілігінде аздаған үзіліске шығады. Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында 12 және 15 қараша күндері кезекті ойындарын өткізеді.