Өркениетті елдердегі өзге ұлт өкілдері бірнеше тіл білетіндіктерін мәртебе санаса, біздегі жаңа қазақтардың басым көпшілігі өз ана тілін білмейтіндіктерін мақтаныш көреді.
***
Бастық болған қазақтың байымайтыны кемде-кем. Оған, әрине, қасында жүрген кедейлердің өздері кінәлі
***
Бұрынғылар ханға «дат» дейтін. Сол кезде хан: «Датың болса, айт!» деуші еді. Қазір сол «датың болса, айт» деудің орнына «түрмеге жап!» деуге бейімделіп барамыз ба, қалай өзі...
***
Тәуменді зиялылардан тәуелсіз идея тумайды.
***
Әркімге еліктей берсек, қазақтығымыздан түк қалмайды.
***
Ақыл да ақша секілді – орнымен жұмсағанды сүйеді.
***
Өзгені жеңу – мықтылық, өзіңді жеңе білу – құдірет.
***
Басшының өзімшілдігі өмірді қиындатады.
***
Халықтың пікірімен санаспаған ханның бағы қайтады.
***
Оянбаған қазақ күрескер бола алмайды.
***
Жеті атасын білмегені үшін жетімдер кінәлі емес.
***
Бассыз берген мал – мазақ.
Бақсыз берген тіл – мазақ.
***
Қарызға батқан елдің ұрпақтары қор болады.
***
Ұлттық сана-сезімін жоғалтқан ұлт құриды.
***
Жағымпаздары оттаған емес, жасампаздары қаптаған қоғамда өмір сүргім келеді.
***
Зиялылар көп-ақ, бірақ зияндылар одан да көп.
***
Ауру басқа көп ақылдың керегі жоқ.
Болат Шайманұлы, ардагер журналист, заңгер.
Алматы.
Дереккөзі: «Жас Алаш» газеті