13 ақп, 2025 сағат 13:51

«Осы істі қоя салсам ба деген ой болады»: ҚҚС өсуі баспаларға қалай әсер етуі мүмкін

Фото: Марфуға Шапиянның жеке мұрағатынан

Қазақстанда қосымша құн салығының өсуі туралы жаңалық баспагерлер арасында алаңдаушылық туғызды. Баспагерлердің көбі бұл сала онсыз да үлкен табыс әкелмейтіндіктен, салықтың көбеюі кәсіпті шығынға батыруы мүмкін деп дабыл қақты. Әсіресе қазақ тіліндегі баспагерлер ұлттық мұраға деген құрмет пен ана тіліне махаббатты басты орынға қойып, осы істі кәсіптен гөрі миссия ретінде жалғастырып келетіндерін айтады.

Ult.kz тілшісі баспа саласының қиындықтары мен мемлекеттен күтілетін қолдау туралы «Marfu shop» баспасының иесі Марфуға Шапиянмен сұхбаттасты.

- Марфуға, Қазақстандағы кітап басу саласының қазіргі жағдайы қандай? Баспа нарығының қиындықтары туралы айтып өтсең.

- Қазақстандағы кітап басу саласының қазіргі жағдайы қуантарлық деп айтар едім. Мүмкін біз күткендей, ойлағандай, шетелдегідей қатты керемет емес шығар, бірақ соңғы 10 жылдықта, тіпті 5 жылдықта бізде баспа саласы өте қарқынды дамып келеді, көптеген тәуелсіз баспалар ашылып жатыр. Бұрын, осыдан тіпті 10 жыл бұрын баспалар мемлекеттік тапсырысқа ғана қарап отыратын болса, бүгінде тәуелсіз баспалар ашылып, кітап шығарып, оны сатып, тіпті бизнеске айналдырып, сондай бір керемет дүние жасалып жатыр. Бұрын «Қазақстанда кітап оқылмайды» деген секілді дүниелер айтылса, ал қазір, керісінше, біз жастардың арасынан кітапқа қарай бетбұрыс көреміз. Себебі қазір жастар көптеп кітап оқиды, жастар ғана емес, алдыңғы буын кітап оқуға ден қойып, кітапқа көзқарас өзгеріп жатқан уақыт деп айтар едім. Сондықтан Қазақстанда кітап басу саласы ақырын-ақырын дамып  келе жатыр. Жақсы кітаптар шығып жатыр. Мысалы осыдан 15−20 жыл бұрын шетелдік авторларды, жаңа бестселлер кітаптарды аудару деген нәрселер мүлдем қолға алынбаса, қазір бізде керемет баспалар бар. Мысалы Steppe&World балаларға арналған кітаптарды аударып жатыр. Ал «Мазмұндама» баспасында ересектерге арналған қаншама мықты-мықты бестселлер кітаптарды бірден аудара қойып жатыр. Мұның өзі өте бір жақсы дүние деп ойлаймын. Себебі біздің қазақ оқырмандары осы баспалардың арқасында өз ана тілінде әлемдік мықты кітаптарды оқуға мүмкіндік алып отыр. 

«Ресейде соғыс басталғалы бері қағаз өте қатты қымбатып кетті» 

Енді нарықта қиындықтар да жоқ емес. Жалпы, нарықта типографиялық шығындар, баспахананың шығыны өте үлкен. Себебі бізде қағаз мәселесі қиын, қағазды шетелден әкеледі. Ресейде соғыс басталғалы бері қағаз өте қатты қымбатып кетті. Ол әрине кітап басу, кітап шығару саласының да қымбаттауына алып келді. Сол себепті, қазір біз кітаптарды өте қымбатқа шығарып, одан кейін оны арзанға сатуға мәжбір болып отырмыз. Өйткені, халық кітапқа ақша жұмсауды үйренбеген. Мысалы, бір адам бес мың теңгеге еш қиналмай бургер, кола сатып алып іше салуы мүмкін, ал бірақ бес мың теңгеге кітап алуды қымбатсынады. Тіпті біз бес мың теңгеге кітап қоя да алмаймыз. Біздің бағаларымыз шамамен екі-үш мың теңгеден басталады. Ең қымбат дегені төрт мың теңге. Сондықтан, кітаптан ақша аямау, кітап сатып алу мәдениетін үйренетін кез келген секілді. Біз тамаққа ақша аямаймыз, бірақ білімге ақша аяймыз, өкінішке қарай сондай жағдай бар. 

Одан кейін, салық көтеріледі деген сияқты әңгімелер шығып жатыр ғой. Кітап саласының табысы да айтарлықтай көп емес. Бірақ егер қосымша құн салығының пайыздық мөлшерлемесін ұлғайтатын болса, ол біз секілді кішігірім баспаларға өте ауыр тигелі тұр. Өйткені біздің кітаптан табатын табысымыздың өзі ауыз толтырып айтарлықтай көп емес. Біздің табысымыз, мысалы, қарапайым дүкендердің табысымен салыстырғанда әлдеқайда аз. Оған тағы салық ұлғайтылса, жағдай қиындайын деп тұр. Онсыз да, айтып өткенімдей, баспа саласы енді-енді бір жолға қойылып келе жатқан еді. Кішкене қауіптеніп отырғанымыз рас. Бәлкім белгілі бір уақытқа, бизнесті дамытып, кітап мәселесін бір жолға қойып алғанша мемлекеттен белгілі бір жеңілдіктер берілсе деп қалаймыз, армандаймыз. 

Одан кейін баспалардың тағы бір қиындау мәселесі – кітапты сататын логистика жағы деп айтуға да болар. Логистика жағы өте қиын. Біздегі «Меломан» сияқты дүкендердің кітапты сатып алу, оның үстіне қосатын үстемесі өте жоғары. Біз, мысалы, кітапты Kaspi дүкенде сатамыз, оның үстемесі бар, мемлекетке төлейтін үстемелер бар. Мұның бәрі түптеп келгенде баспагерлерге қиындық тудырады. Қазақстан бойынша кітап дүкендері де көп емес. Жалпы сату жағынан қиындықтар бар. 

 - Жалпы бұл кәсіп табысты ма? Өзіңнің көңілің тола ма?

- Енді мүлдем табыс жоқ деп айта алмайымыз, ішіп-жемімізді, нанымызды осы кәсіптен тауып отырғаннан кейін шүкір дейміз. Бірақ үлкен табысқа жетудің ауылы әлі алыс сияқты. Себебі айтып өткенімдей, кедергілер өте көп. Жалпы біздің кітап бизнесімен айналысқандағы ең бірінші мақсатымыз – халыққа пайдалы болу, сауаттандыру, оқу-ағарту еді, бұл адамға үлкен мотивация береді. Әйтпесе, менде де бұл істі қоя салсам ба деген ойлар болмайды емес, болып тұрады, көбірек ақша әкелетін іспен айналыссам ба екен деген ойлар да келеді. Бірақ ағартушылықпен айналысайық деген миссияны өзіміз алып алғаннан кейін бұл істен бас тарта алмаймыз. Жалпы мүлдем табыссыз деп те айта алмаймын, бәлкім маркетинг жағын дамытсақ, бұдан да жақсы табыс табармыз деп үміттенемін. 

«Кітаппен айналысып жүрудегі үмітім жастарда»

- Қазақстандық оқырмандардың ерекшеліктері қандай?

- Жаңа айтқанымдай, қазақстандық оқырмандар әлі де білімге, кітапқа көп ақша жұмсауға дайын емес. Мысалы, 10 мың теңгеге кітап алуға ақшасын қимайды. Сондықтан әлі де кітап сатып алу, оқу мәдениеті туралы әлі де көп жұмыстар керек секілді. 

Одан бөлек, жастардың ықыласы, ынтасы мені өте қатты қуантады. Мағжан Жұмабаев айтып кеткендей «Мен жастарға сенемін». Кітаппен айналысып жүрудегі үмітім осы жастарда. Өйткені, байқаймын, жер-жерде кітап клубтарын құрып, талқылап, шетелдегідей жеке-жеке қауымдастықтар бізге енді келіп жатқан секілді.

2017 жылы Санкт-Петербургқа барған кезде қатты таңғалған едім. Жастарының қолында үнемі кітап жүреді, метроларда, кофейняларда кітап оқып отырады. Қазір мен сол үрдістің біздің қалаларымызда да байқап жүрмін, бұл қуантпай қоймайды. Біздің адамдардың қазақ тілінде көркем әдебиет оқуға деген ынта-ықыласы өте күшті. Оқып қана қоймай, оны өздерінің клубтарында талқылайды, міндетті түрде контент түсіреді. Болашақта біз де кітапсүйер елге айналамыз деген үміт мол. Кітап оқитын елге айналсақ, кітап жазатын, шығаратын елге айналсақ, болашағымыз жарқын болады деп сенемін. 

Кітапқа қатысты тағы бір проблема – екі тілділік мәселесі. Адамдар орыс тілін еркін меңгергендіктен, қазақ баспагерлеріне қиынға түседі. Бәсекелестік жоғары, орысшаға кітаптар тез аударылады, ал қазақша нұсқасы шыққанда кітаптардың өту мүмкіндігі төмендейді. Адамдар орысша оқи салуды жөн көреді. 

Фото: Instagram.com/marfu-shop

«Бұл кәсіппен біз ұлтқа, ұлттық мұраларымызға деген махаббатпен, жанкештілікпен айналысып жүрміз»

- Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле ме? Жеке баспаханаларды дамыту үшін қандай реформалар қажет деп ойлайсың?

- Мемлекет тарапынан қолдау деп айта аламыз ба – жәрмеңкелер өткізіліп тұрады. Бізде Алматыда әдетте күзде, одан кейін сәуірде Астанада өтеді. 

Одан білек, мемлекеттен түрлі тендерлер бөлінеді, бірақ біз сияқты кішігірім баспаларға одан пайда бар деп айта алмаймын. Енді нақты өзімнің баспама келетін болсам, мысалы, біз мемлекет тарапынан қолдаумен кітап шығармадық. Таза кәсіп секілді қарап, өз еңбегімізбен, өз күшімізбен шығарып жатырмыз. Ал жалпы баспаларды дамыту үшін жиі-жиі осы секілді жәрмеңкелер ұйымдастыру, бұдан бөлек жақсы кітаптарға, немесе баспалардың жекелеген жобаларына қандайда бір гранттар бөлінсе деп ойлаймын. Бізде, мысалы, «Жаңғырық» деген керемет жобамыз бар. Өзіміз қатты бағалайтын, мақтанып айтатын жобамыз. Сол жерде біз қазақ зиялыларының, Алаш қайраткерлерінің кітаптарын қайтадан шығарып жатырмыз. Енді ойлап отырсаң, бұл қарын ашатын дүние, өйткені біз 30 жылда әлі өткенімізді, жоғымызды түкендеп болған жоқпыз. Түгендемек түгілі, мүлдем шығарылмаған ғой. Зиялыларымыздың кейбір кітаптары шығарылған, әсіресе халық жауы болып атылып кеткен  қайраткерлеріміздің кітаптары шығарылған. Ал одан кейінгілерінікі сол қалпы. Біз соның бәрін түгендеп шығарып жатырмыз. Олардың ішінде мүлдем шықпағандары бар. Соның бәрін жекелеп қалыптастырумен қазір айналысып жатырмыз. Бірақ біз, айтып өткенімдей, кішігірім ғана баспамыз. Оған біздің қаржылық жағдайымыз да, ондай мүмкіндігіміз де жетпейді. Ал осындай дүниелерге мемлекет қолдау білдірсе, белгілі бір грандтар бөлінсе, бұл бізге көбірек, масштабты түрде жұмыс істеуге мотивация болар еді. Біздің қазақ зиялыларының әлі баспа бетін көрмеген кітаптарын, архивте шаң басып жатқан қаншама кітабы барын көрген кезде мұны біз неге білмейміз, неге шығармаймыз деген ойға келдім. Сондықтан осы баспалардың жақсы-жақсы жобаларына мемлекеттен бір қолдау болса деген үміт, тілегіміз бар.

Одан бөлек жәрмеңкелер, кітап мерекелері жиі өткізіліп тұрса деп сұраймын. Кітап дүкендерінің өзіне қандай да бір мүмкіндік, қолдау білдірілісе. Мұның барлығы кітап басу, ағарту саласында жүрген жандар үшін өте бір үлкен көмек болар еді. Себебі бізді, жалпы осы кәсіппен айналысып жүрген адамдарды басқа, мысалы мейрамхана бизнесімен айналысып жүрген адамдармен, немесе басқа кәсіппен айналысып жүрген адамдармен мүлдем салыстыруға келмейді.

Бұл кәсіпті біз ұлтқа деген махаббатпен, одан кейін, өзіміздің ұлттық мұраларымызға деген махаббатпен, жалпы айтқанда жанкештілікпен айналысып жүрміз. Біз ғана емес, басқа да баспаларды солай деп ойлаймын. Ол кісілердің де негізгі жағдайлары осындай. Сондай-ақ біз өте азбыз. Әлі де көбірек баспа ашылуы тиіс, мықты-мықты кітаптар өте көп, шығарылып, жаңа кітаптар жазылуы керек. Соның барлығына үлкен күш-қайрат, әрине қаржылық жағдай қажет. Сондықтан әрине, қазіргі уақытта біз көмекке өте зәруіміз. 


Сұхбаттасқан
Анара Бауыржанқызы