Қостанайда ХVІІІ ғасырда облыс аумағында өмір сүрген Тойған Жылгелдіұлы бақсының қобызы сақтаулы, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осыдан үш ғасыр бұрын жасалған көне жәдігерді көздің қарашығындай сақтап, бүгінге дейін жеткізген - Тойғановтар әулеті. Бүгінде теміржол саласында еңбек ететін Асқар Тойғановтың сөзінше, бұл қобызды ХVІІІ ғасырда Қостанай облысының аумағында өмір сүрген аталары Тойған Жылгелдіұлы бақсы пайдаланған.
Елге белгілі қобызшы Қыдырбек Қиысханұлының айтуынша, киелі аспап осы уақытқа дейін өте жақсы сақталған.
«Қобыз қарағай ағашынан бүтіндей шабылған. Ертеден келе жатқан әрі өте жақсы сақталған аспап екені көрініп тұр. Кегежесінің шанақпен тұтасатын жері және басы жез таспалармен жамалған. Ал басы мен шанағында қоңырау ма, сылдырмақ па, бұрынғы бақсылар қобызына тағылатын салпыншақтың орны бар. Екі құлағы қажала-қажала жұқарып қалғандықтан, оңайлықпен күйге келмейді екен. Ысқысы нашар. Тиегін жұқарту керек, ол кәдімгі фанерадан жасалыпты. Негізінен ол да ағаштан жонылған болу керек. Тиек неғұрлым жұқа болса, аспаптың да үні зорайып шығады», - дейді қобызшы.
Үш ғасыр бойы сақталған қобызды бертін келе өңірдегі қолөнер шебері Мұхамедқали Рахалиев жөндеуден өткізіп, сыртын қайта қаптаған және маңдай басына «Нұрпейіс (Тойған) атадан қалған қобыз. Мұрагерлерге аманат. ХVІІІ ғ.» деген жазу қадап берген. Сонымен, қобыз иесі Тойған кім?
Асқар Тойғановтың айтуынша, атасының азан шақырып қойған есімі - Нұрпейіс. Дегенмен, тарихи кітаптарда болсын, ол жайында дерек жоқтың қасы. Белгілісі, әкесі Жылгелді ХVІІІ ғасырдың басында Қызылорда жерінен қазіргі Таран ауданының аумағына көшіп келген Жаппас ішіндегі Сумұрын ұрпағы. Қобызды Жылгелді атамыз сол Сыр елінен Тобыл бойына алып келген деседі.
«Тойған емші өз заманында ел-жұртты түрлі ауру-сырқаттардан емдеген әрі көріпкелдігімен танымал болған. Ол кісінің үш заты болыпты: қобыз, қылыш, қамшы. Осы үшеуімен адам емдеген. Қобыз біздің әулетімізде, қамшы Қостанайдағы нағашыларымызда, ал қылыштың қайда екені белгісіз. Енді үш заттың басын қоссақ дейміз. Қобызды музейге тапсыру ойымда жоқ. Әзірге ұлым Алан оны үйреніп алуға талпынып жүр. Үнемі өткен тарихымызды сұрап, қызығушылық танытып отырады. Бәлкім атадан қалған мұра осы ұлға қонар деген сенімім бар», - деп бөлісті Асқар Тойғанов.
Тойған емшінің ХVІІІ ғасырда дүниеге келіп, сол дәуірде дүние салғаны белгілі болғанмен, дәл уақыты анықталмаған. Бақсының зираты Бейімбет Майлин (бұрынғы Таран) ауданының Шилі ауылында. Енді Асқар Тойғанов ел арасында Тойған (Нұрпейіс) емші Жылгелдіұлы туралы ақпары бар қарияларды, тарихшыларды іздейді.