#
#
Сенбі 11/07/2020

Қостанай облысында қуғын-сүргін кезінде 4350 адам заңсыз сотталған – полиция мұрағаты

  • 29.05.2020
  • 0
  • 233

Қостанай облысы полиция департаментінің мұрағатында қуғын-сүргін жылдары заңсыз сотталған 4349 адамға қатысты қылмыстық іс бар, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

31 мамыр – қуғын-сүргін және ашаршылық кезеңі құрбандарын еске алу күні. Елімізде құрбандарды еске алу үшін көптеген іс-шара өткізіледі, музейлерде көрмелер ашылады. Соның бірі – Қостанай облысы полиция департаментінің мұражайы. Қазір музей онлайн режимінде жұмысын жалғастыруда. Қостанай облысы ПД музейінің меңгерушісі Назира Цымбалюктің айтуынша, ведомствоның Арнайы мемлекеттік мұрағатында заңсыз сотталған 4349 адамға қатысты қылмыстық істер сақталып тұр. Кейін олардың бәрі ақталып шыққан. 

«1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 100 мың адам сотталып, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Қатаң жазаға тіпті әйелдер де іліккен. Тек «Шіркеулер» деп аталатын екі топтық іс бойынша ғана 24 әйел оққа ұшты, олардың жалғыз кінәсі – Құдайға сенгені. Жалпы мұсылман және православтық діни қызметкерлер өз сенімін ұстанғаны үшін, тіпті билік тарапынан тыйым салынған жағдайда да діни жораларды орындауға ұмтылғаны үшін айыпталды», - дейді Н. Цымбалюк. 

Заңсыз қуғын-сүргіндерден қазақ ұлтының өкілдері айтарлықтай зардап шекті. Полиция көрмесінде олардың фотосуреттері және кінәсіздігі туралы арызының түпнұсқасы сақталған. Мәселен, 1938 жылдың ақпанында КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасы Хабибулы Башаевты атуға үкім шығарған, ол тек 1958 жылдың 1 наурызында ақталды. Осыған ұқсас айып бойынша Амангелді аудандық партия комитетінің хатшысы Измайлов Хайруш Нұрушевич ату жазасына кесілген. Ол 1959 жылы ұлтшыл ұйымға қатыстылығы туралы дәлелдемелердің болмауына байланысты ақталды. 

Қостанай облысында Қиыр Шығыс пен Уссурий өлкесінің аудандарынан шыққан 100-ден астам кәріс өкілдері атылған. Олардың кейбіреулеріне қатысты қылмыстық істер бірнеше беттен тұрады, олардың көбі орыс тілін меңгермеген адамдардың кінәсін мойындауға негізделген. 

Барлық қуғын-сүргінге ұшыраған, ақталған азаматтар туралы қысқаша ақпарат ҚР ІІМ ведомстволық web-порталының «Мемориал» республикалық сервисінде ұсынылған, ол арқылы кез келген азамат өзінің қуғын-сүргінге ұшыраған туыстары туралы мәліметтерді таба алады. 

«Бұл – еліміздің тарихындағы ерекше күндердің бірі. Біз әрқашан қуғын-сүргін құрбандарын еске аламыз. Облысымызда ішкі істер органдарындағы ең көне музей жұмыс істеп тұр және онда көптеген тарихи экспонат бар. Сондықтан полиция қызметкерлері Департаменттің мұражайына жиі барып, Қазақстан тарихымен және полицияның құрылу тарихымен танысады. Әрбір полиция қызметкері еліміздің тарихын білу керек екенін үнемі айтып отырамыз», - дейді Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар