Қостанай облысының Жітіқара қаласында коронавирустық инфекцияның 2 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жедел штабына сілтеме жасап.
«14.04.2020 жылы пневмониямен ауыратын адамдардың зертханалық тексеру нәтижелері бойынша екі пациентте COVID-19 оң нәтиже берді.
Жітіқара қаласының ауруханасына дене қызуы жоғары, әлсіздігі, ентігуі бар 74 және 65 жастағы қарт адамдар жеткізілді. ПТР диагностикалық зерттеуінің нәтижелері бойынша олардан COVID-19 диагнозы расталды», - делінген штабтың ақпаратында.
Қазір дәрігерлер бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті емдеу шараларын жүргізеді. Науқастармен байланыста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды.
Жалпы Қостанай облысында COVID-19 инфекциямен барлығы 5 адам тіркелді. Эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда.