30 мау, 2020 сағат 06:55

Қостанай қалалық ауруханасы уақытша провизорлық стационарға айналды

Әл-Фараби көшесінде орналасқан Қостанай қалалық ауруханасы бүгіннен бастап суық тию, тұмау жұқтыру және өкпесі қабыну диагнозымен түскен науқастардан басқа ауруларды қабылдауын тоқтатты, – деп хабарлайды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

30 маусымнан бастап қалалық аурухана 250 орындық провизорлық стационар қызметін атқаратын болады. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен провизорлық стационарға басқа емханалардағы дәрігерлер мен медбикелер қосымша жұмысқа алынды.

«Қалалық ауруханадағы салалық дәрігерлердің бәрі провизорлық науқастарды қабылдап, тек соларды емдеумен айналысатын болады. Сонымен қатар науқастардың кезекке тұру мәселесі реттеліп, емдеу мекемесінде Саll-орталық (39-37-77) ұйымдастырылды. Мұндағы жедел көмек көрсету бөлімі мен жарақат бөлімі облыстық ауруханаға көшірілді. Қостанай тұрғындарын сабыр сақтауға шақырамыз. Қазір дәрігерлер күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр. Сіздер бас санитарлық дәрігердің нұсқауын орындау арқылы, бізге көп көмек тигізетіндеріңізді түсініңіздер. Жасырын жиын өткізуді, қонаққа баруды, қонақ шақыруды қойыңыздар. Үйден беталбаты шықпаңыздар. Жақындарыңызды, туыс-туғандарыңызды қорғаңыздар», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Сонымен қатар тұрғындар 8 777 375 44 77 байланыс нөмірі бойынша басқармаға сұрақ жолдай алады.