Целиноград ауданының Қосшы аулындағы апат электрмен жабдықтау желісінің 95 пайызы тозуынан болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, апат Қосшы ауылының «Лесная поляна» шағынауданында «Солтүстік» қосалқы станциясынан бастап, 3-інші Таратқыш трансформаторлы қосалқы станциясына дейінгі 10 кВ кабель желісінде орын алған.
Сәуірдің 22-нен 23-не қараған түні жергілікті коммуналдық қызметтердің күшімен кабель желісінің апат болған тұсы анықталып, бүлінген кабель ауыстырылды. Сәуірдің 23-де түнгі сағат 02:10-да штаттан тыс жағдай реттеліп, «Лесная поляна» шағын ауданы мен жеке секторлардағы тұрғын үйлерге жарық берілді.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасынан атап өткендей, аталмыш аумақта электрмен жабдықтау жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі үшін кабель желісіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.
«Осы мақсатта өткен жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Электрмен жабдықтау желісінің тозғандығы ескеріліп, тамыз айында аяқтау жоспарланған құрылыс-монтаждау жұмыстары мамыр айына ауыстырылды. Бұл жобаны жүзеге асыру Қосшы ауылындағы «Лесная поляна» шағынауданының тұрғындарын үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді басқарма басшысы Иван Юрченко.
Айталық, электрмен жабдықтау жүйесінің тозуы салдарынан аталмыш кабель желісінде 19-21 сәуір күндері де апат болған. Осының салдарынан Қосшыдағы бірқатар тұрғын үйлер жарықсыз қалған еді.