27 қар, 2020 сағат 11:07

Көшеден табылған Симба атты арыстанға Алматы зообағында жаңа баспана салынды

Алматы зообағында Ақтау қаласынан әкелінген Симба атты арыстанға арналған жаңа қоршаудың ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Симбаға арналған заманауи қоршау «Snow Leopard Foundation» қорының қолдауымен салынды. Оның жалпы ауданы 750 шаршы метрден асады. Ол үш аймақтан тұрады - экспозициялық сыртқы қоршау, демалатын аймақ және қысқы бөлме.

Экспозициялық қоршауға табиғи материалдар қолданылды. Құрылысшылар ағаш пен тасты пайдаланған. Сонымен қатар, тереңдігі 1,5 метр бассейін салынды. Мұның бәрі жыртқыш аң өзін жақсы сезінуі үшін жасалған.

Қоршау құрылысы қызметкерлер мен қонақтардың қауіпсіздігін барынша ескере отырып, халықаралық зообақтар қауымдастығының стандарттарына сәйкес жүргізілген.

«Бәріміз де ақтаулық арыстанның өміріне алаңдадық және Симбаны құтқарып қалдық. Оның енді өз үйі бар. Қоршауды заман талабына сай салғанымызға өте қуаныштымыз»,–дейді «Snow Leopard Foundation» қорының өкілі Нұрәли Әлиев.

Жаңа жылдан бастап Симба хайуанаттар бағының меншігіне беріледі. Ветеринар мамандардың айтуынша, арыстанның денсаулығы жақсы, ол кең әрі ыңғайлы жаңа орынға ауысуға дайын.

«Симба айтарлықтай өсті және ол жасына сай салмақ қосты. Ол бірнеше ай бойы біздің карантин стационарында болды. Осы уақыт ішінде біз кешенді медициналық тексеруден өткіздік», - дейді зообақ ветеринары Алина Чимирук. 

Еске сала кетейік, 25 маусымда Маңғыстау облысының Ақшұқыр ауылының жергілікті тұрғындары көшеде жүрген арыстанды көріп, дабыл қаққан болатын. 

10 шілдеде жыртқыш жануарды заңсыз асыраған Ақтау тұрғынына сот үкімі шықты. Сол ай да Симба Алматыға жеткізілді.