22 мау, 2020 сағат 16:42

Қоршаусыз қала: Елордада жаяу жүргіншілер мен велосипед тебушілерге қолайлы жағдай жасалады

Елорданың урбанистика орталығы «Қоршаусыз қала» тұжырымдамасын жүзеге асырмақ. Бұл жайында Нұр-Сұлтан қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды "ҰЛт ақпарат".

Басқарма мәліметінше, бұл қаланың қоғамдық орындарының бәрінен қоршаулардың алынып тасталатынын білдіреді. Ұсынылған ақпаратқа қарағанда, белсенділер аудандық әкімдіктің өкілдерімен және түрлі нысан иелерімен келіссөз жүргізіп, қоршауларды алып тастау келісіміне қол жеткізген. 

Бұл қалада ашық әрі дос пейілді орта құруға мүмкіндік береді. Негізгі мақсат - жаяу жүргіншілер мен велосипед тебушілер үшін қоршаусыз қоғамдық кеңістік құру. 

Урбанистика орталығының жетекшісі Елнар Базыкеннің айтуынша, бүгінгі күнге дейін Жерұйық саябағының қоршауы алынып тасталған. 

Алдағы уақытта дәл осындай жұмыс Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті төңірегінде және барлық шағын аудандарда кезең-кезеңімен жүргізіледі.