06 қаң, 2021 сағат 20:30

Коронавирустың жаңа штамы әлемнің 41 елінде анықталды

Еуропаның бірқатар елі коронавирустың таралуына байланысты шектеу шараларын кеңейтіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК жұмысы туралы телеграм каналға сілтеме жасап.

2021 жылдың 5 қаңтарынан бастап Ұлыбритания үшінші рет қатаң карантинге жабылды. Елде тәулігіне індет жұқтырғандардың 60 мыңнан астам жаңа дерегі тіркелуде. Ұлыбритания үкіметінің бас медициналық кеңесшісі Крис Уиттидің айтуынша, Англияда әрбір 50 адамның біреуі коронавирус инфекциясын жұқтырған. 

Германияда билігі де шектеу шараларын кеңейтіп жатыр. Германия Канцлері Ангела Меркель жалпыұлттық карантинді қаңтардың соңына дейін ұзартатынын және індеттің таралуын тоқтату үшін жаңа, қатаң шаралар енгізілетінін мәлімдеді. Дүкендер мен мейрамханалар, сондай-ақ мектептер қаңтардың соңына дейін жабық, оқушылар қашықтықтан оқуға ауыстырылған. 

Франция мемлекеті екпе егу қарқынын жеделдетуге тырысуда. Ел тұрғындары арасында екпеге күмәнмен қараушылар басым, сондықтан Францияда вакцинация көршілес Еуропа елдеріне қарағанда әлдеқайда баяу жүруде. Екпе қабылдаған адам саны 3 мыңнан аспайды. 

Германияда қазірдің өзінде 270 мыңға жуық адам екпе алса, Ұлыбританияда миллионнан астам адам екпелерін алған. 

Бүгінгі күні COVID-19 коронавирусының «британдық» штамы әлемнің 41 елінде анықталған.