Саяжайларда көбінесе егде жастағы адамдар тұрады. Бұл туралы Қостанай облысы аумағына карантин енгізуге қатысты өткен онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өндірістік кәсіпорындар жұмысшыларын үйден жұмысқа, жұмыстан үйгем апарып тастай алатын жағдайда жұмыс істей алады. Ал саяжай учаскелеріне келетін болсақ, ол жақта көбінесе 60 жастан асқан адамдар тұрады. Бұл – коронавирус жұқтыру және одан көз жұму қаупі жоғары топ. Жетіқарадағы жағдай ауру белгілері қаншалықты жылдам пайда болып, оның алдын алу мүмкін болмай қалатынын көрсетті. Коронавирустың белгілері ешқандай логикаға келмейді», - дейді Қостанай облысы бас санитарлық дәрігері Владимир Нечитайло.
Ол облыста аурудың таралуы бойынша мониторинг жүргізіліп отырғанын айтты.
«Біз қазір күн сайын мониторинг жүргіземіз, тіпті жағдайы қанағаттанарлыққа жақын жас адамдарға да мониторинг жүргіземіз. Тәжірибемізге сүйенсек, 7-13 тәулік аралығында алдын ала болжанбаған жағдайлар орын алуы мүмкін, сол себепті егде жастағы адамдарға тәуекел етіп, саяжайға бармауды өтінер едім», - дейді ол.