14 қыр, 2020 сағат 09:27

Коронавирусты анықтайтын қазақстандық тест әлі тіркелген жоқ – Тимур Сұлтанғазиев

Коронавирусты анықтайтын қазақстандық тест әлі тіркелген жоқ. Бұл туралы ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев айтты.

«Қазіргі уақытта ПТР-зертханалық тестілеу саны артып келе жатыр. Көктемде тәулігіне 25 мың тестілеу жүргізілсе, тамыз айының соңында оның саны 40 мыңға дейін жетті. Қыркүйекте қосымша 20 ПТР аппараты сатып алынды. Ал ветеринарлық зертханалар еліміздің аудандарында ашылды. Енді қазан айында күніне 60 мыңға дейін ПТР-тестілеу өткізетін боламыз. Сол арқылы халықты барынша ПТР тестілеуден өткіземіз. Дайындық жүргізіліп жатыр», - деді комитет төрағасы елордадағы №6 қалалық емханада БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Оның айтуынша, шілде айында Үкімет резервінен қосымша қаражат бөлініп, 1,2 млн тест сатып алынған. 

«Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті зертханалары бар. Солар арқылы сатылып алынып жатыр. Бұған қоса, әрбір денсаулық сақтау мекемесінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы тесттер сатып алынып, сырқаттанған адамдарды тексеру жүргізілуде. Негізінен шетелдік тест жүйесін сатып алудамыз. Қазақстандық тест жүйесі әлі тіркеуден өткен жоқ. Тиісті тіркеу процедурасынан өткеннен кейін оларды сатып алуымыз мүмкін», - деді Тимур Сұлтанғазиев.