29 қаң, 2021 сағат 16:00

Коронавируспен күрестегі вакцинаның рөлі қандай

ҚР ДСМ Ұлттық Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Манар Смағұл вакцинаның коронавируспен күрестегі рөлін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Вакцина туралы айтқанда, оның медицинаның ең үлкен жетістігі екенін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта вакциналар жұқпалы ауруларға қарсы ең тиімді қорғаныс шарасы болып саналады. Вакциналау арқылы шешек сияқты аурулар жойылды. Вакцинаның тиімділігі мен жетістіктері туралы толассыз айтуға болады. Мүмкіндігі мен әлеуеті бар барлық елдер күш-жігерін коронавирусқа қарсы вакцина жасауға бағыттады. Карантин жағдайында тұрып жатқанымызға он ай болды. Ал вакцина қозғалыс, қарым-қатынас еркіндігін береді. Соның арқасында коронавирустың таралуына кедергі келтіреміз деп үміттенемін», - деді сарапшы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, вакцина қаншалықты тез дайындалса да, оны әзірлеуге және өндіруге өте жоғары талаптар қойылған.

«Вакцинаның сапасына қойылатын бұл талаптар ешқашан өзгермейді, олар барлық сенімділік деңгейіне сәйкес келуі керек. Вакцина жаппай пайдалануға берілсе, демек ол барлық қауіпсіздік талаптарына және әлемдік стандарттарға сай келеді. Вакцинаның сапасына сенуге болады», - дейді М. Смағұл.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 1 ақпаннан бастап егілетіндігі хабарланды.

Сонымен қатар 18 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан адамдарға вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәлімет жоқ, сондықтан бұл жастағыларға екпе салынбайды. Ал Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге вакцинация мәселесінде дүрбелеңге жол бермеуді тапсырды.