Қазан айының басында еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустық инфекцияның таралуын бақылау және жұқтыру ошақтарын уақтылы оқшаулау мақсатында «Saqbol» мобильді қосымшасын ұсынған болатын.
Араға біраз уақыт салып бұл қосымшаның ел азаматтары арасында сұранысқа ие екендігін байқадық. Мәселен, желтоқсан айының басында коронавирус инфекциясының таралуын бақылау және жұқтыру ошақтарын уақтылы оқшаулау мақсатында әзірленген қосымшаның 100 мың рет жүктеп алынғаны белгілі болды. Дегенмен, бұл көрсеткіш әлі де жеткіліксіз. Қосымша тиімді болуы үшін Қазақстан тұрғындарының кемінде 60 пайызы оны жүктеп алуы қажет.
«Барлық қазақстандықтарды осы қосымшаны белсенді түрде пайдалануға, мұқият және жауапты болуға шақырамын. Осылайша, індет ошақтарын барынша оқшаулап, Covid-19- дың таралуына жол бермейміз. Біз халық алдындағы жауапкершілікті түсінеміз және барлық жеке деректер қосымшада барынша шифрланған. Бұл қосымша пайдаланушылардың басым түрде жасырын болуын қамтамасыз етеді», - деген еді қосымшаны таныстырған ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Ал қосымша қалай жұмыс істейді? Бағдарламаны пайдалану үшін оны телефонға жүктеп, Bluetooth қосу керек. Осы қосымшаны орнатқан басқа адамдармен тығыз байланыста болған кезде, олардың смартфондары Bluetooth арқылы шифрланған идентификаторлармен алмасады. COVID-19-ға оң нәтиже болған жағдайда, хабарлама функциясын іске қосу арқылы сізбен байланысқан азаматтарды ескертуге болады. Бұл ретте ешқандай жеке деректер берілмейді және хабарлама алған адамдар жұқтыру көзі кім екенін білмейді.
Қарапайым тілмен айтқанда, хабарламада науқастың аты да, мекен-жайы да, байланыстары да, орналасқан жері де көрсетілмейді. Мұндай архитектура басқа азаматтарға жасырын түрде хабарлауға мүмкіндік береді, бұл хабарлаушының жария ету ықтималдығын айтарлықтай төмендетеді. Қолданбаны пайдаланған кезде адам ешқандай жолмен анықталмайды, деректер шифрланған түрде беріледі.
«Қосымшаның жұмысы сол бағдарлама орнатылған басқа құрылғылармен байланыста болған адамдарды жасырын түрде іздеуге бағытталған. Оны пайдалану үшін тіркеу қажет емес. Бағдарлама жеке деректерді немесе орналасқан жер туралы деректерді жинамайды және жібермейді. Хабарландыруды іске қосқан кезде, бағдарлама автоматты және жасырын түрде бұл туралы басқа пайдаланушыларға хабарлайды. Осылайша, осы қосымша азаматтардың сақтығын арттыруға және жұқтырған адамдармен байланысы туралы уақытылы хабардар етуге көмектеседі», - деп түсіндірген еді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Қосымшаның 3 негізгі функциясы бар: байланыс журналын жүргізу; бағдарлама орнатылған басқа құрылғылармен шифрланған өзара әрекеттесу жазбаларын сақтау; тест нәтижесін тексеру. Оң нәтиже болған жағдайда, пайдаланушы өзінің қосымшасында хабарландыру функциясын іске қоса алады.
Сонымен қатар қосымшада COVID-19 туралы ресми ақпарат та бар. Онда сіз вирустың таралуы туралы статистиканы көресіз, ұсыныстар, пайдалы кеңестер алып, қызықтыратын сұрақтар қоя аласыз. Сондай-ақ, коронавирусқа өзін-өзі диагностикалаудан өтуге болады.
Адамда COVID-19-ға оң ПТР тесті анықталған жағдайда бұл жайында қосымшаны басқа пайдаланушыларға хабарлама жіберіледі. Ол үшін ПТР тестін тапсырғаннан кейін пайдаланушыға мобильді нөмірге нәтижені білуге арналған Saqbol қосымшасында енгізуге болатын 10 таңбалы коды бар смс хабарлама келеді.Егер Saqbol қолданбасының пайдаланушысы коронавирусқа оң нәтиже берсе, олар өз қосымшаларында хабарландыру функциясын іске қоса алады. Бұл жұқтырған адаммен соңғы 14 күн ішінде екі метрден аз қашықтықта және 15 минуттан астам уақыт байланыста болған басқа пайдаланушыларды ескертеді.
Хабарламаны іске қосқан кезде қосымша автоматты және жасырын түрде қосымшаны жүктеген қазақстандықтарды жұқтыру қаупі жоғары екендігі туралы ескертеді. Ескерту алған азаматтар бір уақытта өзін қалай ұстау керектігі туралы ұсыныстар алады. Мысалы, дәрігерге барып, карантинге жіберіледі.
Қосымша Google және Apple компанияларының жұқтыру қаупі туралы хабарламалар жүйесін пайдалана отырып әзірленген. Бұл технологияны әлемнің 30-дан астам елі пайдаланады. Осының арқасында әлемнің көптеген елдерінің тұрғындары бір-бірін тауып, аурудың ықтимал қауіпті векторларын табу туралы ақпарат алмасады. Saqbol қосымшасын Google Play және AppStore-да жүктеуге болады.