Әкімдіктер коронавирусқа қарсы тапшы дәрілерді сатып алуға өтінімдерін тапсырды. Бұл туралы «СҚ-Фармация» ЖШС-ның басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Үкімет халықты тегін амбулаториялық және стационарлық көмек деңгейінде де, бөлшек сауда деңгейінде де сұранысқа ие препараттармен қамтамасыз ету бойынша барлық мүмкін шараларды қабылдауда. Мысалы, Үкіметтің қаулысымен (23.07.2020 ж. №468) «СҚ-Фармация» ЖШС-іне дәрілік заттады кейіннен бөлшек сауда желісінде сату үшін көтерме саудада сатып алу бойынша өкілеттіктер берілген.
«Әкімдіктер КВИ-дің ықтимал жаңа толқынына дайындық тұрғысында және бөлшек сауда дәріханаларда препараттардың тапшылығын болдырмау үшін Бірыңғай дистрибьютор порталында дәрілік препараттардың тапшы 33 атауы бойынша 3,1 млрд теңге сомасына (2 айлық қажеттілікке) өтінім берді. Көлем әкімдіктердің өтініміне сәйкес 17 өңірдегі Бірыңғай дистрибьютордың операциялық қоймаларында қалыптастырылады», - деді Е. Есқалиев.
Оның сөзіне қарағанда, өңірлер әкім орынбасарларының қол қоюымен шалғай аудандарда филиалдық желісі бар 1 163 бөлшек сауда дәріханаларының желісін ұсынды, олар арқылы интервенция жүзеге асырылатын болады. Осылайша, дәріханалардың бөлшек сауда желісінде тауарлар тапшы болған жағдайда өңірлердің жөнелтуге рұқсат қағазы негізінде тиеп-жөнелту басталатын болады.