20 жел, 2020 сағат 18:13

Коронавируспен ауырғанда иіс сезу неге жоғалады?

«Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» Эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты, дәлелді медицина сарапшысы Рафаиль Қыпшақбаев коронавируспен ауырғанда иіс пен дәм сезудің неге жоғалатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дәрігер коронавирус инфекциясы кезінде заманауи медицинада неліктен қиындықтар туындағанын, адам өлімі көбейгенін түсіндірді. 

«Вирус ауыз бен мұрын қуысына енеді. Егер адамда лимфоэпителиалды сақина бүтін болса (көмекей бездері, аденоидтар, тамақ), ауырмаса, тонзиллит, баспа және т.б. болмаса – ауру жеңіл немесе симптомсыз түрде көрінеді. Ал егер қандай да бір проблемалар болса, вирус өкпеге түсіп, альвеолалардың айналасындағы ұсақ тамырларды бітеп тастайды. Тромбоз пайда болады. Барлық иммундық жасушалар бітелген жерге ағылады және саны тым көбейіп, сау жасушаларды жей бастайды. Иммундық жасушалардың шамадан тыс реакциясы «Цитокиндік дауыл» деп аталады. Осыған байланысты көптеген тамырлар бітеліп қалады. Ғылыми тұрғыдан алғанда, бұл ТШҚҰ синдромы (тамыр ішіндегі шашыранды қан ұю) деп аталады. Тұтас денеде қан күрт ұйығандықтан, адам қайтыс болуы мүмкін», - дейді Рафаиль Қыпшақбаев «Красивый бизнес. Азия» фестивалінде. 

Сонымен бірге, дәлелді медицина сарапшысы коронавирус кезінде неліктен иіс сезу жоғалатынын және адамдардың иістерді басқаша сезетінін айтып берді. 

«Бұл вирус нейротропты болып саналады, яғни жүйке тініне әсер етеді. Ондағы негізгі асқынулар: дәм сезбеу, есту қабілетінің нашарлауы және шаштың түсуі. Иіс сезу негізі жоғалмайды. Вирус ми қыртысына баратын рецепторларды әлсіретеді. Ол иістер туралы жадты өшіреді. Сіз иісті сезінесіз, бірақ оның не екенін, қандай иіс екенін білмейсіз. Иіс сезуді қалпына келтіру әр адамға тікелей байланысты. Әзірге ойлап тапқан жалғыз нәрсе - әртүрлі эфир майларын иіскеп, мидың түрлі иістерді еске түсіруі үшін жаттықтыру», - деп түсіндірді дәрігер. 

Сұхбат соңында маман коронавируспен ауырмағандар мен симптомдары байқалған тұрғындарға не істеу керектігі жөнінде ақыл-кеңес берді. 

«Ең алдымен дүрбелеңге салынбау керек. Психосоматиканың әсерін ешкім жоққа шығарған жоқ. Үрейге салынып, түрлі ойларға берілсеңіз, жағдайыңыз тек нашарлайды. Коронавирус жеңіл формада болса, тәтті және газдалған сусындар мен алкогольді қоспағанда, көп мөлшерде сұйықтық ішу керек – шай, су, жеміс сусыны немесе компот. Дене қызуы 38 градустан асқанда ғана түсіруге болады. Бұл қағиданы үнемі есте сақтау қажет. Қызуды «Парацетамол» немесе «Ибупрофенмен» түсіруге болады. Бір қарағанда «Парацетамол» қарапайым дәрі болып көрінуі мүмкін. Бірақ «Парацетамолдың» бір таблеткасы 0,5 грамм болады. 4 грамм «Парацетамол» - бауырға ауыр соққы болады. 

Толыққанды тамақтану өте маңызды. Бұл нақты дәлелденген кеңес емес, бірақ өз тәжірибемнен байқағанымдай, сорпа ішетін науқастар тезірек қалпына келеді. Үйде қанның оттегімен сатурациясын өлшейтін пульсоксиметр міндетті түрде болуы қажет. Хаттама бойынша көрсеткіш 93% болса - ауруханаға жату керектігін білдіреді. Қарапайым тыныс алу жаттығуларын жасаңыз – күніне бірнеше рет 10 терең тыныс алыңыз. Мультивитаминдер де мұнда көп пайдасын тигізеді. Д витамині мен мырыш Коронавирус ауруын анағұрлым жеңілдететіні анықталған», - дейді Рафаиль Қыпшақбаев.